Нұр-Сұлтанда терезеден құлаған екі бала жансақтау бөлімінде жатыр

26.05.2020 21:23

Биыл қалада терезеден құлаудың 9 жағдайы тіркелді

Фото: vybratpravilno.ru

Биыл елордада балалардың терезеден құлауының 9 фактісі тіркелді. Бұл туралы өрт қауіпсіздігі шаралары және балалардың терезеден құлау оқиғалары бойынша өткен онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«2018 жылдан бері балалардың терезеден құлау жағдайы 51 рет тіркелген. Оның 31-інде құлағандар әртүрлі жарақат алса, 13-і қаза тапқан. Биыл терезеден құлаудың 9 жағдайы тіркелді. Кеше, оның арғы күні елорда аумағында Қосшығұлұлы мен Ақмешіт көшесінде осындай екі жағдай болды. Абырой болғанда балалар аман қалып, қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде емделіп жатыр», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басқарма бастығының міндетін атқарушы Еркін Отарғалымұлы.

Оның айтуынша, көбінесе 2-7 жас аралығындағы балаларда терезеден құлап кету қаупі зор.

«Мұндай жағдайдың алдын алу үшін баланы ашық терезе алдында қараусыз қалдыруға болмайды. Сырттағы балалардың дауысы үйдегі баланы елітіп, терезе алдына баруына себепші болуы мүмкін. Сол себепті, ашық терезе алдына орындық, диван, кресло сияқты жиһаздарды қоюға болмайды. Москитті тор баланың салмағын көтере алмайды, сондықтан терезеге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатып, құлып қою керек», - дейді ол.