Қостанайдағы жарылыс: үйінді астынан екі адам шығарылды

11.12.2023 21:24

Іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда

Сурет: Instagram/qostanai_tjd

Қостанайда 2023 жылғы 11 желтоқсанда Амангелді тұрғын алабында газ жарылды, үйінді астында қалып қойған адамдардың ішінде екі адам сыртқа шығарылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл жөнінде Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

- 11 желтоқсанда сағат 12:39-да Қостанайдың Амангелді ауылында газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан жүк көлігін жөндеуге арналған бір қабатты ғимараттың құлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Куәгерлердің айтуынша үйінді астында адамдар болуы мүмкін, - делінген хабарламада.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органның күші жұмылдырылды. 

- 12 адам алғашқы медициналық көмекке жүгінген. Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде үйінді астынан екі адам шығарылды, - деп таратты Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметі. Ведомство іздестіру жұмысы әлі де жүріп жатқанын хабарлады.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы хостелдер мен жатақханалар тексерілуде