Дәмханада келушілер әлеуметтік арақашықтық пен медициналық бетперде режимін сақтамаған
Қорқор коронавирус инфекциясының таралу себептерінің бірі болуы мүмкін. Осындай қорытындыға келген дәрігерлердің қатаң ескертуі бүгінде еленбей тұр. Мәселен, Алматыда келушілерге қорқор ұсынған бірнеше дәмхана анықталды. Олардың бірі меймандарды қызметкерлерге арналған есіктен кіргізіп отырған. Нұр Отан партиясы мен қала әкімдігі ұйымдастырған кезекті түнгі рейд шарасын Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.
Санитария мамандарының айтуынша, қорқор – нағыз індет көзі. Ол ауа және тамшы жолдарымен жұғатын жұқпалы аурулардың таралу ошағы болуы мүмкін. Ал мына тамақтану орны шектелген уақытқа қарамай келушілерді қабылдаған. Сағат түнгі 02.00-ден асса да, мұнда қорқор тартып отырған бірнеше адам анықталды. Дәмхана әкімшісі барлығын жоққа шығарғанымен, асхана маңында қызып тұрған қорқор құрылығысы табылды.
Кезекті нысан да бір қараған көзге жабық секілді көрінеді. Алайда қызметкерлер есігінен кірген тәртіп сақшылары топталып ішімдік ішіп, қорқор шегіп отырған 30 шақты адамның үстінен түсті. Дәмханада келушілер әлеуметтік арақашықтық пен медициналық бетперде режимін сақтамаған. Онымен қоса, даяшылар да маскасыз, арнайы қолғапсыз қызмет көрсетіп жүр. Мобильді топтың өкілі Қайрат Құдайберген рейд барысында персонал топтың ПТР-тест тапсырғаны да тексерілуі керек деп санайды.
«Тексеріс жұмыстарына салық қызметі де қосылғанын қалаймын. Олар заң бұзған нысандардың салық төлеу тарихын қатаң бақылауы керек. Сондай-ақ, нысандардағы қызметкерлердің сынамасы теріс ПТР-тестті мен медициналық картасы болуы тиіс деп санаймын. Менің ойымша, бұл рейд шаралары барысындағы ең маңызды талаптар», – деді «Nur Otan» партиясының мүшесі, кәсіпкер Қайрат Құдайберген.
Келесі дәмханада да дәл осындай жағдай. Келушілер мен нысан әкімшісі қорқорды қоғамдық орындарда тартуға тыйым салынғанын білмегенін айтып ақталды. Енді мекеме басшысы 230 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
«Ойын-сауық орталығында заңбұзушылық анықталды. Дәрігерлер күн-түн демей, індетпен күресіп жатқан уақытта кейбір кәсіпкерлер карантин талаптарын мүлдем ескермей отыр. Бірақ заң алдында барлығы бірдей жауап береді. Бұл орынның басшысына айыппұл салынды», – деді «Nur Otan» партиясы бақылау бөлімінің инспекторы Ержан Жұмағұлов.
Алматы қаласы бойынша аудан әкімдіктерінің жанында 24 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олар 10 шілдеден бері 1 348 нысанды тексерген. Рейд шаралары барысында 1 059 жеке және заңды тұлғаға хаттама толтырылыпты.
Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы