4-ші және 5-ші қабаттардың баспалдақтарын қою түтін басқан
Алматыда көппәтерлі тұрғын үйден өрт шығып, қарт әйел құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
18 қаңтарда, сағат 12.25-те Алматы қалалық ТЖД кезекші «101» пультіне Айнабұлақ-3 шағын ауданындағы № 156 үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.
«Өрт сөндіру бригадасы келген кезде бесінші қабатта орналасқан пәтердің терезелерінен қара қалың түтін шығып жатты. 4-ші және 5-ші қабаттардың баспалдақтарын қою түтін басты. Адамдарды іздеу және тілсіз жауды ауыздықтау үшін газ-түтіннен қорғау қызметі жұмылдырылды. Тексеру барысында № 12 өрт сөндіру бөлімінің күзет басшысы Ердос Бекпашаев баспалдақтардың арасында әлсіреп жатқан 71 жастағы зейнеткерді құтқарды», -деп хабарлайды ТЖД.
Қолға алынған шаралардың арқасында өрт 14 минутта толықтай сөндірілді. Қызыл жалын 48 шаршы метр жерді шарпыған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.