Анықталған орындардың иелері мен іс-шараны ұйымдастырушылар туралы ақпарат процессуалдық шешім қабылдау қызметіне берілді
Петропавлда коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша рейдтер жүріп жатыр. Тек бір күн ішінде бірден 3 бұзушылық анықталды. Карантин шараларын бұзған мейрамханалардың біріне өңірдегі Almaty.tv түсірілім тобы да барып қайтты.
Осындай іс-шаралар карантин енгізіле басталғаннан бері жүргізіліп келеді. Алайда, шектеулердің күшейтілуіне байланысты рейдтер одан бетер белсенді жүргізілуде. Айта кетсек, облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, өңірде бірқатар шектеулер енгізілді. Енді мейрамханалар мен кафелерде тойларды өткізуге болмайды. Алайда карантин талаптарын бұзып жүрген адамдар да бар.
«Демалыс күндері Петропавл қаласында бақылау топтары жұмыс істейді. Құрамында 4 экипаж, жергілікті атқарушы орган, ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі. Рейд нәтижесінде біз жұма күні кешке 3 кафе мен мейрамханалардың жұмысын тоқтаттық. ROYAL PALACE мейрамханасында үйлену тойы жүргізілген. Онда 70-тен аса адам болған. Біз әрі қарай процессуалдық шешім қабылдау үшін материал жинадық. Сондай-ақ, Ульянов 49 мекенжайы бойынша орналасқан Эмират мейрамханасында да іс-шара болған. Онда 50-ден аса адам той тойлаған. Әкімшілік материалдар жиналды. Бармалей кафесінде де шектеу шаралары бұзылған. Онда 150-ден астам адам болған», – деді Петропавл қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің статисті Дастан Қазиев.
Арнаның түсірілім тобы атқарушы билік органдарымен бірге қаладағы мейрамханалардың біріне барды. Бұл жерде мерекелік шара өтіп жатқаны туралы хабар келіп түскен. Тойхананың есік-терезелері жабық тұрған. 2 сағаттан соң ішке кіруге мүмкіндік туды.
«Рейдтік іс-шаралар кезінде Тенгри мейрамханасында қыз ұзату жүріп жатқаны анықталды. Біз тойды тоқтаттық. Бұл жерде 80-нен аса адам той тойлады», – деді Петропавл қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің статисті Дастан Қазиев.
Өткен демалыс күндері рейд барысында барлығы 50-ден астам нысан тексерілді. Карантиндік шаралардың бұзылуы 10 мекемеде тіркелді. Анықталған орындардың иелері мен іс-шараны ұйымдастырушылар туралы ақпарат процессуалдық шешім қабылдау қызметіне берілді.
Жалпы Қазақстанда 542 мың 703 адамда коронавирус тіркелді. Оның ішіндегі 17 мың 152 адам Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары.