«Nur Otan» партиясының өкілдері ақ халаттылар тұрып жатқан тұрғын жайларды тексерді

29.04.2020 21:27

Індетке қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің жағдайы қала басшылығының назарында

Almaty.tv

Індетке қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің жағдайы қала басшылығының назарында. Осыған дейінгі тексеру нәтижесінде ақ халаттылар тұрып жатқан кейбір жатақханалар мен қонақ үйдегі санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталған. «Nur Otan» партиясының өкілдері бастаған комиссия мүшелері ескерту берілген бірқатар тұрғын жайларға барып, қайтара қадағалап шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Медициналық қызметкерлер жататын жатақханаларды тексеріп шыққанбыз. Бүгін қайта тексердік. Алдыңғы тексеру бойынша жататын жерлерді, жуынатын бөлмелерін жөндеген», – деді Медеу аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Толқын БАЗАРҚҰЛОВА.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің бір ғана жатақханасыда 124 медицина қызметкерлері тұрып жатыр. Олардың дені қалаға шалғайдан қатынап жүргендер. Қазір төтенше жағдайға байланысты барлығы уақытша Алматыға жайғастырылған. Ақ халаттылар тұрып жатқан жатақхана мен қонақ үй иелері ескертуден кейін олқылықтардың орнын бірден жойған. Кіреберістерге антисептиптер орнатылып, тазалық мәселесіне қатаң назар аударылған.

«Осы жатақханада 26 наурыздан бері тұрып жатырмыз. Жағдайымыз жақсы. Өздеріңізде көрдіңіздер ғой. Жағдай жасалған. Өткен аптада Нұр Отан келіп тексеріп кетті», – деді мейірбике Бақыт ӘБІЛДАЕВА.

Ел Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев партиялық бақылауды күшейту туралы тапсырма берген еді. Бүгінгі тексеріс бойынша Медеу ауданынан құрылған топ сараптама жасап, нақты шешімдер айтылатын болады.  

Қуан Нұрақын, Валерий Таубалдиев, «Алматы»  арнасы