Көкшетауда үш көлік соқтығысып, 1 адам қайтыс болды

07.04.2021 21:29

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Көкшетауда үш бірдей көлік соқтығысып, салдарынан әйел адам көз жұмды. Аталған факті бойынша сотқа дейінге тергеу басталды, хабарлайды Almaty.tv тілшісі KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Жол апаты 6 сәуір күні болған. Сол күні сағат 22:00 шамасында полиция басқармасының кезекші бөліміне Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы теннис орталығы маңында жол апаты болғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары Nissan Primera, Lada Granta және Volkswagen Golf көліктерінің соқтығысқанын анықтаған. 

Салдарынан көліктердің бірінде отырған 42 жастағы жолаушы оқиға орнында қайтыс болған. Жүргізушілер медициналық тексерістен өтіп, олардың алкоголь тұтынбағаны анықталған. Жол апатына қатысқан көліктер тергеу жүргізу үшін айып тұрағына қойылды.

Ал аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345 бабы бойынша (кісі өліміне соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзу) сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.