Қазіргі уақытта жолды тазарту жұмыстары жүргізілуде
Шығыс Қазақстан облысында бір күнде 3 рет қар көшкіні жүрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 7 қаңтарда сағат 7:30-да аудандық маңызы бар «Алтай-Богатырево» тасжолының 36 және 37 шақырымдарында жалпы көлемі 3 500 текше метр қар көшкіні түсті.
«Сондай-ақ, сағат 9.50-де «Алтай-Путинцево» тасжолының учаскесінде көлемі 3 700 текше метр көшкін жүрген. Бірден аталған жолдар жабылды. Көшкіннен зардап шеккендер мен қираған ғимараттар болған жоқ. Қазіргі уақытта жолды тазарту жұмыстары жүргізілуде», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, өңір бойынша көшкін жүру қаупі 8 қаңтарға дейін сақталады.