Қазақстанда су тасқыны қаупі әлі сейілмей тұр. Ақтөбе қаласындағы Қарғалы өзенінде су деңгейі көтеріліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл қаладағы бірнеше бау-бақшаға қауіп төндіріп тұр. Қазіргі кезде Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарды құлақтандыру жұмыстарын жүргізіп, адамдарды эвакуациялық пунктке жеткізіп жатыр. Кеше түннен бері 76 адам уақытша орналастыру орындарына жайғастырылған.
– Жеті жолды су басса, 8 жолдың үстін су шаю тіркелді. Ал республикалық деңгейдегі жолдардың барлығы қалпына келтірілді, – деді Ақтөбе облысы ТЖД Төтенше жағдайды жою басқармасының бас маманы Нұрбек Оралбаев.
Қарғын су басқан өңірлерде құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Азаматтарға еріктілер, төтеншеліктер және азаматтық қорғау саласының қызметкерлері жұмылдырылған. Қарулы күштердің 814 сарбазы еңбек етуде. Сонымен қатар 44 бірлік әскери техника, 3 тікұшақ пен көліктік авиация құтқару жұмыстарына бөлініпті. Ал бүгін СҚО-ның әкімі Қорғаныс министрлігінен қосымша күш сұрады.
– СҚО әкімінің өтініші бойынша Қорғаныс министрінің нұсқауымен қарулы күштерден Астана қаласынан қосымша тағы да 300 әскери қызметші жіберілді. Ақтөбе облысында Ойыл ауылында құрамында 15 адам бар инженерлік бөлімше Ойыл өзені арқылы өтетін өткелінің көмегімен 238 тұрғынды эвакуациялап, 1 жарым мыңға жуық тоннаға жуық азық-түлікті тасымалдауды ұйымдастырды, – деді ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин.
Оқи отырыңыз: СҚО-да су тасқынына қарсы іс-шаралар күшейтілді