Алматыда жантүршігерлік жол апатын жасап, 3 адамды өлім құштырған Ілияс Кар сотта кінәсін мойындады. Жоғары жылдамдықпен жүйткіген ол бағдаршамның қызыл түсіне де қарамаған. Осыған дейін сотталушының туыстары алдымыздан өтпеді деген жәбірленуші тарап бұл жолы не деді? Мемлекеттік айыптаушы «Гелендваген» жүргізушісіне қандай жаза сұрады? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Алматыда Жаңа жыл қарсаңында орын алған атышулы іс аяқталуға жақын. Бүгін 3 адамды ажал құштырған «Гелендваген» жүргізушісі Ілияс Кардың кінәсі толық дәлелденді деген прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қылмыстық істе оның мас күйінде рөлге отырғаны да куәгерлердің сөзімен дәлелденді деді мемлекеттік айыптаушы.
«Кар Ілияс Есмаровичті Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағы және 347-бабы бойынша кінәлі деп тануыңызды сұраймын. 345-баптың 4-тармағы бойынша 8 жылға бас бостандығынан және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру, 347-бап бойынша 2 жыл бас бостандығынан айыруды сұраймын. 58-баптың 2-тармағы бойынша тағайындалған жазаға ішінара қосу арқылы түпкілікті жаза ретінде 8 жылға бас бостандығынан айыруды және жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтеуді сұраймын», – деді мемлекеттік айыптаушы Тимур ШАМОИ.
Сондай-ақ, прокурор сотты шатастырмақ болып, жалған куәгерлік еткен Ілияс Кардың танысы Шакир Жумазовты қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады. Оған қатысты, бөлек іс қозғалуы мүмкін. Өйткені, ол сотқа дейінгі тергеуде басқаша сөйлеп, ал процес кезінде шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты айтқан. Ал осыған дейін қара жамалған отбасылардан жұрт алдында кешірім сұрамаған сотталушы істеген ісіне өкініш білдірді. Осыған дейін айтқан сөзінен айнып, кінәсін толық мойындады. Себебі, жәбірленушілерге көмек көрсетпестен, оқиға орнынан тайып тұрған.
«Мен өз әрекетімен шын өкінемін. Менің кесірімнен адам өлді, дегенмен маған да өмір сүру қиын. Мені кешіріңіздер! Аман қалған Айзада Сатыбалдиеваның туыстарынан да кешірім сұраймын. Оқиғаны естіп, жаны ашыған алматылықтар мен күллі елден кешірім сұраймын. Кінәмді мойындаймын», – деді сотталушы Ілияс КАР.
Айта кетейік, сотталушының туыстары 3 жәбірленушіге материалдық шығынды толық көлемде өтеп берген. Дегенмен, кімге нақты қанша теңге берілгені туралы ашып айтылмады. Ал марқұм Динара Хамитованың туыстарымен әлі келіссөздер жүргізіліп жатыр деді сотталушының қорғаушысы. Ілияс Кардан моральдық шығын ретінде 4 жәбірленушінің әрқайсысы 10 миллион теңгеден талап етіп отыр. Десе де, сот кезінде «Гелендваген» жүргізушісі тек 1 миллион теңгеден ғана бере аламын деді. Ақтық шешімді сот осы аптада шығарады.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы