Алматы облысындағы тоғанда 2 тоннаға жуық балық қырылып қалды

10.04.2019 21:35

Балықтар мекендеген суды кәріз құбырынан шыққан нәжіс су ластаған

Алматы облысында жарылып кеткен кәріз құбырының кесірен балықтар қырылып жатыр. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, Іле ауданында орналасқан Первомайский ауылында балықтар кешеден бастап өле бастаған.

Балық шаруашылығымен айналысатын қожалыққа қарасты көлге жарылған құбырдан шыққан арам су құйылып кеткен.  «Алматы қаласынан шығатын кәріз құбыры жүйесіндегі ақаудың кесірінен балықтар қырылып жатыр» деп мәлімдеді қожалықтың қожайындары.

Қырылған балықтар қатарында дөңмаңдай, сазан, тұқы, мөңке сынды салмағы 7-8 келі болатын аналық балықтар көп. Төтенше жағдай болған жерде Алматы қаласы коммуналдық және апаттық қызметінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Шаруа қожалығының басшылары кәріз жүйесіне жауапты компаниядан шығынды сот арқылы өндіретіндерін мәлімдеді. Балықтардың нақты неден қырылуы лабараториялық сараптамадан соң белігілі болмақ.