Алматыда алимент төлеуге міндеттелгендер саны жыл санап артып барады. 2018 жылы оның саны 11 мың болса, былтыр ол көрсеткіш 14 мыңға жеткен. Сәйкесінше, бала алдындағы парызынан бөлек, қарызын төлемей жалтарып жүргендер де көп. Соның бірі - Андей Бахтин есімді азамат. Қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соты оның 1 жылға бас бостандығын шектеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Андрей Бахтин есімді азамат 2009 жылы әйелімен ажырасқан, екі баласы бар. Балаларының үлкені 13 жаста, ал кішісі 11-де. Алимент төлеуден жалтару үшін ол сот орындаушыларынан жасырынып, тұрғылықты жерін үнемі ауыстырып отырған. 2017 жылы сот шешіміне сәйкес Бахтин іздеушілер тізіміне алынды. Оның жары Юлия Бахтина 2015 жылдан бері сотқа беріп келген, десе де оның арызы қаралмай, 9 рет ресми тоқталып отырған. Алайда, жәбірленуші тараптың адвокаты Полина Габдрахманова мен Жетісу аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері борышкердің екі жерде ресми емес жұмыс жасайтынын анықтады. Нәтижесінде, Алматы қаласының ювеналды соты Бахтинді 139-бабы бойынша кінәлі деп танып, 1 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
«139-бапта көрсетілгендей, ол кісі пробация бөліміне 10 күнде бір келіп, тіркеуден өтіп тұруы керек. Шетелге шығуына болмайды. Тұрғылықты жерін ауыстырмауы керек. Осындай шектеулер қойылады. Ол үкім заңды күшіне толық енген жоқ», - деді қалалық соттың баспасөз қызметінің басшысы Абай ЖАРЫЛҚАСЫН.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, алимент өндіруге шыққан әрбір төртінші сот шешімі орындалмай аяқсыз қалады. Безбүйрек әкелердің балаларын тірі жетім атандырып, ұрпағына қатыгездік жасауы қынжылтады дейді сарапшылар. Соның кесірінен тіл табыспаған жастардың аңдаусыз қадамы жазығы жоқ сәбилерге тиіп жатыр. Әкелік міндет алиментпен шектелмейді. Алайда заң бойынша борыштан қашатындар жыл санап көбейіп отыр. Мәселен өткен жылы алимент төлемей жалтарып жүрген 344 азамат анықталған. Оның ішінде жеке сот орындаушылардың ұсынысы бойынша 109 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Мүлкі болса, тәркілеп, көлігі болса оны аукционмен сатып, ақшасын алушыға өндіріп береміз. Ал олардың мүлкі болмаса, бізге қиын. Сол себепті оларды жұмысқа орналастырып беру жұмыстары да жүргізіліп жатыр", - деді қалалық әділет департаментінің бас маманы Әнуар ЖЕКСЕНОВ.
Өз баласына ақшаны төлемеу үшін қашқын әкелер түрлі айла қолданады. Жұмыс орындарын жасырады. Бухгалтерия арқылы жалақысын бірнеше есеге төмендетеді. Мал-мүлкін жақындарына таратады. Туған баласының несібесін аузынан жырып, қара басының қамын күйттеген мұндай адамдар ар алдында да, заң алдында жауапты екенін ұқпай жүр. Ал, алимент балаларға қалай төленеді?
«Бір балаға жалақысының 25 пайызын, ал екі балаға 50 пайызын береді. Солай-солай кете береді. Бастысы борышкердің жалақысының 50 пайызынан асып кетпеу керек», - деді қалалық соттың баспасөз қызметінің басшысы Абай ЖАРЫЛҚАСЫН.
Мыңдаған аналар алимент алмай, сот орындаушылардың есігін жиі жағалайды. Сондықтан шағымы бар аналар Зенков 47 мекен жайына келіп Әділет департаментіне арыз түсірсе болады.