Автобуста Алматыдағы № 134 мектеп-гимназиясының 47 оқушысы болған
Соның салдарынан 8 оқушы мен мүғалімі жарақат алған. Бір қыз омыртқасының шытынауы салдарынан емханаға жеткізілген. Белгілі болғандай аталған автобус жүргізушісі мектеп әкімшілігінің және қалалық білім басқармасының рұқсатынсыз оқушыларды тасымалдаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Жол-көлік оқиғасы Жамбыл ауданындағы Қопа станциясының аумағында болған. Куәгерлердің айтуынша Алматы қаласының №143 мектеп-гимназиясының оқушыларын тасымалдап келе жатқан автобустың алдына жылқы жүгіріп шыққан. Содан қашпақ болып жыраға түскен. Салонда 47 оқушы болыпты. Салдарынан 8 оқушы мен бір мүғалім түрлі жарақат алды. Олардың бесеуі Ұзынағаш ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізілсе, қалғаны Дегерес ауылындағы медициналық мекемеде.
«Қазір бізге түскен науқастардың ішінде 14 жасар қыздың жағдайы ауыр. Оның омыртқасына зақым келген. Қалған 8 адам жеңіл жарақат алған. Толық тексерістен кейін үйлеріне қайтарылды», - деді Алматы облысы Жамбыл ауданы ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Тимур КҰРБАНБАЕВ.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша Алматы облысының Полиция департаменті тексерісті бастаған. Оқиға орнында құтқару қызметі мен жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді. Апаттың неден болғаны тексеріс нәтижесінен кейін белгілі болмақ дейді құзырлы орган өкілдері.