Жамбыл облысындағы жарылыс хронологиясы

29.08.2021 21:39

Қазір арнайы штаб өкілдері шығындар мен жарылыс салдарын зерттеп жатыр

Айдың-күннің аманында Жамбыл облысында болған жойқын жарылыс елдің есін алды. Бейбіт заманда іргеден жау тигендей, ауылдағы халық тайлы тұяғы қалмай үйінен қашты. Байзақ ауданындағы әскери бөлімшедегі апат туралы Almaty.tv тілшісі айтып береді.

Жамбыл облысындағы жойқын жарылыстан зардап шеккендер саны 100-ге жуықтаған. Оның ішіндегі 49-ы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері. Оқыс оқиға кеше кешке Байзақ ауданындағы әскери бөлімшеде басталған.

Кеше кешкі сағат 18:47-де Жамбыл облысы, Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрілер қоймасында өрт шықты. Қызыл жалынды ауыздықтауға 40-қа жуық техника мен 114 адам жіберіледі. Бірақ өртті оқшаулау мүмкін болмай ол басқа қоймаларға таралған. Салдарынан бірнеше жарылыс болады.

Бейбіт күнде қатты дүмпуден шошынған халық Байзақтан басқа жаққа кетуге кіріскен. 19.15-те әскери қалашықтың 16 үйінің тұрғыны мен сол маңдағы тағы 3 елдімекеннің халқы эвакуациялана бастайды.

«Байзақ ауылының адамдарын әкеліп жатырық. Көмек керек. Ауылда көп адам қалып кетті», – деді ерікті жүргізуші.

Түнгі 21.00-22.00-де темір жолдар мен «Алматы-Тараз» тас жолындағы қозғалыс тоқтаған. Жедел түрде арнайы комиссия құрылып жауапты министрліктердің басшылығы сағат 22:00-де Жамбыл облысына ұшып келеді. 23:30-да Тараз қалалық ауруханасына 51 адам, ал Байзақ аудандық ауруханасына 10 адам жатқызылған. Соңғы жеткен ақпарға сенсек жарылыстан зардап шеккендер саны 100-ге жуықтаған. Оның ішіндегі 49 төтеншелік ауруханада жатыр.

«Анашым окопта жатырмын, кейін хабарласам» деп айтты. Содан кейін телефоны сөніп қалды», – деді зардап шеккен өрт сөндірушінің анасы Нұршат Өмірбаева.

Апатты түннің ертесіне өңір басшысы Бердібек Сапарбаев оқиға орнына барып, жағдайды өз көзімен көреді. Бұл кезде өрт әлі сөнбеген еді.

«Өрт әлі сөнген жоқ. Қалай сөнеді Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары тексеріп өтеді. Саперлар бәрін қарайды», – деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Зардап шеккен ауыл тұрғындары колледж бен мектептерге жеткізілді. Ал, жұдырықтай жұмылған жомарт жандар мен еріктілер халықтың ас-суы мен киім-кешектерін түгендеуге кірісті.

«Жарылыс болғаннан кейін қорқып, осы жаққа алып келді. Ауыл әкімшілігі бізді осы жаққа эвакуациялады. Жарылыс күшті болды. Енді сабыр сақтаңдар деп сабырлыққа сақтап жатыр», – деді Байзақ ауданының тұрғыны Ақлес Тастайбекова.

«Мына үйіміз сілкінді жарылыс кезінде. Есіктер кәдімгі дірілдеді. Далаға шықсақ эвакуация болады деп хабарлап жатыр екен. Кейін көршілерімізбен жолға шықтық. Жолдағы тоқтаған көліктерге мініп, келе салдық», – деді Байзақ ауданының тұрғыны Жұлдыз Көптілеуова.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл жиналыс өткізіп, алдымен қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтты. Арыс оқиғасынан кейін арнайы тапсырма бергенін, енді осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп аяқтауды жүктеді. Бірқатар шараларды шұғыл қолға алуды жүктеді. Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқыс оқиғаның мән-жайын мен кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын мұқият жүргізуді, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

«Бірінші. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылсын. Оған Премьер-министрдің орынбасары Роман Васильевич Скляр басшылық етсін. Роман Васильевич, сізге қазір жиналыс аяқталған соң Жамбыл өңіріне шұғыл баруды тапсырамын. Жұмыстың басы-қасында болып, барлық шараларды оқиға орнынан ұйымдастырыңыз. Екінші. Қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылдансын. Үшінші. Денсаулық сақтау министрлігі төтенше оқиға салдарынан жарақат алған азаматтарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырсын», – деді Мемлекет басшысы.

Осындай пәрменнен кейін вице-премьер Роман Скляр аймақты арнайы келіп жағдайды бақылауда ұстайтынын айтты. Зардап шеккен əрбір тұрғын үкімет қолдауынан тыс қалмайтынын жеткізді.

«Бүгін Мемлекет басшысы жиналыс өткізіп тиісті тапсырмалар берді. Кінәлілердің нақты кім екенін айту біздің үкіметтік комиссия құзыретіне кірмейді», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр.  

Ал, денсаулық министрі Алексей Цой Тараз қаласындағы Көпбейінді қалалық ауруханаға арнайы барды. Іс-сапары барысында министр палаталар мен реанимация бөлімшелерін аралап, науқастарға қандай ем-шара тағайындалғанын тексерді. Осы ретте Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы реаниматолог, комбустиолог, травматолог мамандардың қатысуымен пациенттерге медициналық көмек көрсету бойынша консилиум өткізді.

Қазір Тараз қаласында 3 эвакуациялауға арналған мекеме жұмыс істеп жатыр. Олардың қазіргі сиымдылығы 400 орын, бірақ қажеттілік туындаса 1000 орынға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар екен.

Жамбыл облысындағы жарылыс салдарынан болған өрт толығымен бір тәулік өткен соң ғана ауыздықталды. Бұл туралы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев хабарлады. Өңір басшысылығы мен министрлік өкілдері қаза болғандардың туыстарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Мәселен бір әскери қызметкердің соңғы жұмысына сәйкес 5 жылдық айлығы төленетінін айтты жауаптылар.  

«Егер де олардың қызметтік пәтері болатын болса, ол қызметтік пәтері заңға сәйкес жекешелендіруге жататын болса, оны жекешелендіруге болады. Қайтыс болған азаматты жерлеу рәсіміне тиісті қаржы бөлінеді», – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев.

Төтеншеліктердің жақындары өрт сөндіруге кеткендерді іздестіре бастады. Ал, қара хабар алған отбасылар қара жамылды.

«Осы апат орын алған кезде ол өзінің ең бірінші міндеті санап, өртпен алысып, жанын қиды», – деді Е. Нәдірбековтің әпкесі Гүлшара Нәдірбекова.

Қазір арнайы штаб өкілдері шығындар мен жарылыс салдарын зерттеп жатыр. Жарылысқа нақты не себеп екені әлі де беймәлім.

Назкен Еркін, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы