Павлодар облысында пойыз жүк көлігімен соқтығысты

26.02.2019 21:39

Зардап шегуші Шарбақты аудандық орталық ауруханасына жеткізілді

inform.kz

Павлодар облысы Шарбақты ауданында теміржол құрамының жүк көлігін соғуынан бір адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шарбақтыдағы жол-көлік оқиғасы 09:20-да болды. Жедел жәрдем үш минутта - 9.23-те барды», - деп мәлім етті Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.

Оның айтуынша, теміржол өткелінде жүк көлігі пойызбен соқтығысқан.

«Зардап шегуші - 1975 жылы туған Шарбақты тұрғыны. Ол «Шығыс жолдары» ЖШС-да жүргізуші болып жұмыс істейді. Диагнозы: көкірек қуысы жарақаты, жабық бас сүйек-ми зақымы, ми шайқалуы», - деді Эльмира Темірғалиева.

Ол Шарбақты аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.