Mazda көлігін басқарған жүргізуші оқиға орнында қаза тапты
Қостанай облысында тасжолда жол-көлік оқиға тіркелді. Жол апаты салдарынан екі адам қаза тапты және төрт адам зардап шекті, деп хабарлайды tengrinews.kz.
Оқиға 23 шілдеде шамамен 18:00-де Қостанай - Сарыкөл автожолының 10-шақырымында болған. Екі көлік соқтығысты. Volkswagen Golf маркалы автокөліктің 65 жастағы жүргізушісі Қостанай бағытында бара жатып, жолдың қарсы бетіне өтіп кетіп (болжаммен рөлде ұйықтап кеткен), Mazda көлігімен соқтығысқан.
Жапондық көліктің тізгінінде 53 жастағы ер адам болған.
Жол апаты салдарынан Mazda көлігін басқарған жүргізуші оқиға орнында қаза тапты. Салонында отырған төрт жолаушы әр түрлі дене жарақатымен облыстық ауруханаға жеткізілді. 41 жастағы жолаушы ауруханада қайтыс болды.
Осы дерекке қатысты тергеу шаралары басталды.