Қызылордада 22 жастағы бойжеткенді көлікпен қағып өлтірген 14 жасар бозбала қылмыстық жауапқа тартылмауы мүмкін, деп хабарлайды nur.kz.
Адвокат Светлана Бржанованың айтуынша, заңға сай 16 жастан асқандар ғана жол көлік оқиғаларына қатысты қылмыстарда жауапкершілікке тартылады.
«Көлік тізгіндеген бала кәмелетке толмағандықтан, ол заңға сай мүлде жауапқа тартылмайды. Сот көліктің иесін анықтауы тиіс. Егер темір тұлпар баланың ата- анасына тиесілі болмаса және бала оны өзі айдап әкеткені дәлелденсе, көлік иесі әкімшілік жазаға тартылады. Егер, кісі қағып кеткен көлік баланың әке-шешесінікі болса, онда олардың бірі үш жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін», - дейді СҚО адвокаттар алқасының мүшесі Светлана Біржанова.
Ал, оның көлігінің астында қалған қыз алған жарақаттарынан 4 күн ауруханада ес-түссіз жатқан күйі көз жұмған.
Қазіргі уақытта сақшылар екі бірдей бап бойынша сот алды тергеу жүргізуді бастаған. Марқұмның туыстары әділ тергеуді талап етіп отыр.
Айта кетейік, күні бүгін марқұмның анасы Нартай Абдуллаева қызын қағып өлтірген жеткіншектің туыстары үйіне келіп айқайлап кеткенін мәлім етті.