Алматы әуежайында шетелдік компания ұшағы түтінге оранды

03.02.2019 21:46

Алматы халықаралық әуежайына қонар кезде шетелдік KATA AIR Sudan әуе компаниясына тиесілі Bombardier CRJ-2 ұшағының шассиі түтінге оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінен мәлім еткендей, ұшақ көкке көтеріліп, жоспарлы түрдегі айналымды жасағаннан кейін 12:45-те Алматы әуежайына қайта қонған. Ұшып-қону алаңына табаны тиген ұшақтың шассиінен түтін шыққан.

«Алматы әуежайының Іздестіру және апаттық құтқару қызметі жағдайды шұғыл түрде реттеді. Екі адамнан құралған экипаж зардап шеккен жоқ. Ұшу кезінде ұшақта жолаушылар болмаған», - делінген комитеттің хабарламасында.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік оқиғалары мен оқыс оқиғаларды тексеру департаменті оқиғаның мән-жайын анықтайтын болады.