Түркістан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі

06.05.2020 00:39

Түркістан облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілетін болады

Фото: Самат Мырзалиев

Түркістан облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілетін болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин осылай деді. Айтуынша, судан келген шығынды шұғыл түрде есептеу бойынша арнайы комиссия жұмыс жүргізеді. Ал облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, Мақтаарал ауданының 7 елді мекенін су басу қаупі әлі де жоғары. Алдын ала болжам бойынша төтенше жағдай салдарынан 845 тұрғын үй, 3 мектеп, бес балабақша, төрт медицина нысаны, бір мәдениет үйі, 10 дүкен су астында қалған. Жеңіс ауылындағы көпірді және республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 55 шақырым автожолды су басты. Апат 7639 гектар егістік жерге де залалын тигізген. Бүгінгі таңда мал шығыны нақтыланып жатыр.  

«2020 жылдың 1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, секундына 120 текше метр куб су өткізу қауқары бар Орталық Бетпақдала коллекторынан секундына 180 куб метр су ақты. Соның салдарынан Мақтаарал ауданының елдімекендеріне су келіп, төтенше жағдай орын алды. Бүгінгі таңда 31 606 тұрғын 14 елді мекеннен эвакуацияланды. Оның ішінде 6 127 тұрғыны бар 5 елдімекен толығымен су ортасында қалды. Бұл  – Жеңіс, Жаңа Тұрмыс, Фердоуиси, Өрге бас және Достық елді мекендері», – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.

Ал Мырзакент және Ақ жол мекендерінде қауіп сейіле бастаған. Тұрғындар үйлеріне оралған. Әсіресе 15 мың халқы бар Мырзакент елді мекеніне су жібермеу амалдары қарқынды жүргізілген.

«Шұғыл түрде 2 мамырда Мақтаарал ауданында жергілікті ауқымдағы техногендік сипатты төтенше жағдай жарияланды. Жедел штаб құрылды. Авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 190 дана техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, Қызызорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан 30 мотопомпа су жинағыш сораптар келді. Бұдан бөлек, Ұлттық ұланның әскери бөлімінен 413 әскери қызметкер мен 37 дана техника тартылды. Қосымша Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның құтқару батольонынан 320 әскери қызметкер, 26 техника келуде», – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.

Анықталғандай,  қоғамдық тәртіпті сақтау және су басқан тұрғын үйлердің мүлкін қорғау үшін 8 блок-бекет орнатылған. Бұл жұмыстарға 303 тәртіп сақшысы тартылған. Атакент кенті мен Мақтаарал, Жамбыл ауылдық округтерінде мектептердің базасында 14 қабылдау-эвакуациялық пунктері ұйымдастырылды. Қазіргі таңда 3 200 адам орналастырылған. Қалғандары туған-туыстарының үйлерінде. Карантиндік жағдайды ескере отырып, 120 медицина қызметкері көмек көрсетіп жатыр.

«Арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Оны Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр басқарады. Құрамында орталық және жергілікті атқарушы органдарының басшылары бар. Комиссия Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарына келтірілген шығынды шұғыл түрде есептеу бойынша жұмысты жүргізеді. Одан кейін инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым мен үйлер қалпына келтіріледі. Зардап шеккен тұрғындарға Үкімет тарапынан барлық қажет көмек көрсетілетін болады», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.

Ал су тасқынының зардабын жоюда Қазақстан Өзбекстанмен тығыз ынтымақтастықта бірлесіп әрекет етуде. Көрші елдегі қауіпті жерлер қарастырылған. Мәселен, Қоғалы елдімекенінің айналасынан қосымша арна жырылмақ. Жағдай тұрақталған соң, олар біздің облысқа келіп, көмек көрсетпек. Демек, Қазақстан Өзбекстанмен арадағы шекараны ашатын болады.  

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан