Алматы облысында мас ер адам ауруханада шу шығарды

02.04.2020 21:47

Билік өкіліне күш қолдану дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

polisia.kz

Алматы облысында учаскелік полиция инспекторына тап берген азамат ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Еңбекшіқазақ ауданы Шелек полиция бөліміне жергілікті аудандық ауруханадан хабарласып, ішімдік ішкен ер адамның бұзақылық әрекеттер жасап жатқаны туралы жеткізген. Күдікті медициналық қызметкерлерді балағаттап, олардың қызметтеріне кедергі келтірген. Қоңырау қабылданған соң оқиға орнына алғашқы болып учаскелік полиция инспекторы А. Жарылқасынұлы жетіп, бұзақыны тәртіпке шақырған.

Полицей оған қоғамдық тәртіпті бұзуды тоқтатып, өзімен бірге полиция бөліміне баруды талап еткен. Алайда, ішімдікке сылқия тойып алған Шелек ауылының 39 жастағы тұрғыны тәртіп сақшысының заңды талаптарын орындаудан бас тартып, оған қарсы күш көрсетуге тырысқан. Азамат сол жерде ұсталды. Билік өкіліне күш қолдану дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.