Жамбыл облысында су тасқыны қаупі төніп тұр

20.01.2021 21:47

Бүгінде облыс аумағындағы 14 су қоймасын мұқият бақылау қажет

Бір апта бұрын ауылын су шайып кете жаздаған Жамбыл облысына тағы да қауіп төніп тұр. Бірақ бұл жолы еріген қардан емес, су қоймаларынан. Бұл жөнінде облыстың төтенше жағдай мамандары шұғыл брифинг өткізіп, мәселені ашып айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыстың төтенше жағдай мамандары алаңдауға негіздің бар екенін ескертеді. Себебі бүгінде облыс аумағындағы 14 су қоймасын мұқият бақылау қажет.

«Теріс ащыбұлақ», «Тасөткел», «Қақпатас», «Ақкөл» «Ынталы», «Қарақоңыз», «Киров» су қоймасының бөгеті  бұзылса, 72 елдімекенді су шайып кетуі  мүмкін. Ал онда 234 мың астам халық тұрады. Тілсіз жаудан төнетін қауіпті  айтқан  төтеншеліктер осылай деп дабыл қақты.  Талас, Шу және Аса өзендерінің арнасынан асуы  аймақтағы апаттың басты себебінің бірі болуы мүмкін.

Сонымен қатар, мамандар тау бөктеріндегі елді мекендерде еріген қар мен жаңбыр сулары да жығылғанға жұдырық болатынын ескертеді.  Дегенмен төтеншеліктер топан суды төндіріп қойып, қол қусырып қарап отырмаймыз деді. Бұл бағытта соңғы үш жылда  ұзын саны 33 нысанға 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген көрінеді.

«Су тасқыны қауіпін азайту мақсатында «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасы бекітілген. Ол бойынша облыстағы елдімекендерді су тасқынынан және еріген сулардан қорғау үшін 26 учаскеде жағалауды қорғау жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Бірер күнде жұмыс толық аяқталатын болады»,– деді облыстық ТЖД бастығы Ермек Момбаев.

Айта кетейік, аймақта  соңғы 5 жылда су тасқыны және жер асты суының көтерілуіне байланысты 7 оқиға тіркелген. Салдарынан   104 тұрғын үй ауласын су шайып,  тағы 25 үйдің  ғимараты ағын су астында қалған.

Жиында жылу мәселесі, православие сенушілерінің мерекесіндегі шомылдыру рәсімдері, іс-шараның реттілігі мен қоғамдық тәртіп жайы да айтылды.

Сонымен қатар, былтырғы өрт оқиғаларының санын да атап өтті. Өңірде 744  өрт оқиғасы орын алып, қаза болғандар саны 2019 жылмен салыстырғанда 70 пайызға артып кеткен.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, "Алматы"телеарнасы