Жамбыл облысында кәмелет жасына толмаған жүргізуші полициядан қашам деп бөтеннің көлігін соғып тынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жол апатының себепкері автокөлікті ұрлап, оны мас күйде жүргізген. Бір қызығы, көліктің иесі мүлкінің ұрланғанын білмеген. Оқиға Сарысу аудандық тәртіп сақшылары жүргізген тексеру барысында бірақ анықталды. 17 жастағы Тараз тұрғыны сол сәтте қолға түсті. Полиция дерегінше, «көлік ұрлығына» қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал темір тұлпар заңды иесіне қайтарылды.
«Көлік жүргізушісі полицейлердің заңды талабын елемей, қашпақ болғанда жол шетіндегі қапталға соғылған. Құқық бұзушы кәмелетке толмаған 17 жастағы Тараз қаласының тұрғыны болып шықты. Сондай-ақ біреудің көлігін ұрлап, айдап кеткені және мас күйде болғаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Сарысу АПБ бастығы Асхат Әлметов.