Шымкент полициясы төрт жастағы қыздың өлімін зерттеп жатыр

23.07.2019 00:47

Анасы қаскөйлер баланы қинап, азаптап өлтірген деп отыр

Фото CC0/Pixabay/TanteTati

Шымкетте төрт жастағы қыздың денесі өз үйінің маңынан табылды. Ал қайғыдан қан жұтқан бүлдіршіннің анасы  қаскөйлер баланы қинап, азаптап өлтірген деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жоғалған қыз үш сағаттан соң анасы екеуі тұрып келген жатақханадан 500 метр қашықтықта табылған еді.  Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қайғылы оқиға орын алған аумақ – қылмысқа толы аудандардың бірі.

Ал Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, бүлдіршіннің денесінен зорлық-зомбылық белгілері табылмаған. «Сараптаманың алдын ала қорытындысы бойынша жасөспірім қыздың өлімі құлау нәтижесінде «құсу массасының механикалық асфиксиясынан», яғни өз құсығына тұншығып қалу салдарынан болуы мүмкін» делінген хабарламада.

Қапыда қайтыс болған қыздың туыстары сақшылардың сараптамасына сенбейтіндерін мәлімдеді.

«Мен оның құсығына тұншықпағанын айттым. Себебі қыздың бұтында ішкиімі болған жоқ. Денесінің бәрі көгеріп кеткен. Бұл жайдан жай емес қой. Тұншығатындай  қыздың қолында суы жоқ, тамағы жоқ. Шарананы жұтып қойды дейтіндей, жаға туған бала емес», – деді марқұмның туысы Клара ӨМІРБАЕВА.

Теги: умер