Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аң атты деген күдікпен 4 адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлют ауданының табиғатты қорғау полицейлері Меңгесер аңшылық шаруашылығы қорықшысымен кезекті бірлескен рейдке шыққан. Олар Катанай елді мекенінің маңында күдік тудырған «Nissan Hilux» автокөлігін тоқтатқан. Рульде Петропавлдың 37 жастағы тұрғыны болған. Одан басқа көлікте тағы бір петропавлдық пен екі аудан тұрғыны отырған.
Көлікті тексеру кезінде салоннан қынапқа салынған тегіс ұңғылы қару, 42 патроны бар оқшантай, пышақ табылды. Жүксалғыштан төрт сібір елігінің еті табылды. Аталған факті «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Қазіргі уақытта екі қарудың иесі 54 және 48 жастағы ауыл тұрғындары күдікті деп танылды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жануарлардың денесі, қару мен автокөлік тәркіленді, қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатыр»,– дейді Мамлют ауданының полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжанов.