Қаржы пирамидасын ұйымдастырған қызылордалық ұсталды

03.11.2023 21:56

Қылмыстық іс қозғалды

Сурет: elements.envato.com

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржы пирамидасын Қызылорда қаласында құрып, бөлімшесін басқарған күдіктіні қамауға алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Облыс орталығында тұратын 1992 жылғы А.П есімді азаматша қала аумағында 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың сәуір айы аралығында қаржы (инвестициялық) пирамидасын құрған.

 - Ол тартылған қаражат арқылы қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке, заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыны басқалардың жарнасы есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастырған. Сол сияқты қаржылық пирамиданың құрылымдық бөлімшесіне басшылық етіп, ақшаны немесе өзге мүлікті тарта отырып, ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты қасақана жасаған, - деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті.

Ведомство мәліметінше, аталған азаматшаның 24 салымшыға жалпы 26 130 190 теңге көлемінде аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтіргені анықталды.

Бұл компания өзін инвестициялық ұйым ретінде көрсетіп, жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде берген.

Оқи отырыңыз: Павлодарда 13 жылдан бері іздеуде жүрген азамат ұсталды