СҚО-да ауыл тұрғындарына тиесілі жер пайы төңірегінде тағы да дау шықты

30.09.2020 01:59

Мұндай қадамға баруға тұрғындарды не түртті?

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындарына тиесілі жер пайы төңірегінде тағы да дау шықты. Мағжан Жұмабаев ауданы, Золотая Нива ауылының 20 шақты тұрғыны өздеріне тиесілі жерлерін қайтарып алуға бекініп отыр. Мұндай қадамға баруға тұрғындарды не түртті? Өңірдегі Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Бұл – өздеріне тиесілі үлес пайларына берілетін ақы сомасына қанағаттанбайтын азаматтардың жанайқайы. Тұрғындар он бес жылдан бері жергілікті серіктестіктен жерлерін қайтара алмай соттасып жүр. Олар өз пай үлестері үшін жылына 8 мың теңге алатынын айтады. Кейде, тіпті, осы ақшаға да қол жеткізе алмаймыз деп ашулы.

«2004  жылдан бері мен «Салахатдин» ЖШС-нен шыға алмай жүрмін. Бүгінгі күнге дейін әкім болғандардың бәрінен көмек сұрадым. Біреуі маған қараша-желтоқсан аралығында серіктестік құрамынан шығуға көмектесемін деген еді. Бірақ ол сөзі сол күйі уәде болып қалды. Серіктестікте біздің 11 мың гектар жеріміз бар. Жалпы аумағы 35 мың гетар. Астық себетін аумағы – 24 мың гектар. Соңғы 8 жылда, міне, атымда 28-ші жер, бұл аумақта 8 жыл болды, ештеңе себілмейді», – деді Золотая Нива ауылының тұрғыны Николай Кинцель.

Бұрын жем-шөпті пай ақшасына сатып алатын ауыл тұрғындары, енді мал асырау қиынға соғып отыр дейді.

«Ауылда мал ұстамасаң, тұра алмайсың. Бірақ оны бағу қиынға соғып отыр. Себебі жем жоқ. Міне, біз биыл астық қалдықтарын сатып алдық, бір тоннасы 50 мың теңге. Сабан сатып алдық, 2500 мың теңге. Бұның бәрі ақша ғой. Ал пай үлестеріміз үшін жылына алатынымыз сегіз-ақ мың. Ол түкке де жетпейді», – деді Золотая Нива ауылының тұрғыны Екатерина Кинцель.

Тұрмыс нашарлап кеткендіктен, көбі Золотая Нива ауылынан көшіп кеткен. Солардың бірі – Талғат Құрманғалиев. Пай үлесі үшін берілетін қаражатқа келемін деп, кейде қыс мезгілінде жолда сағаттап батып қалған күндер де болғанын айтады. Сөзінше, пайға беретін 8 мың теңге келіп кеткеннің шығынын да жаппайды. Тұрғындар серіктестіктің қарамағынан шығамыз деп бірнеше жыл бойы соттасып келеді.

«Сотты екі мәрте жеңдік. Бірақ серіктестік қожайыны сот шешімін орындамайды. Жыл сайын астық егу немесе жинау науқанын желеу етіп, тіпті жиналысқа да келмейді. Арада 15 жыл өтті. Оның әлі қолы тиген жоқ», – деді Золотая Нива ауылының тұрғыны Талғат Құрманғалиев.

Халықтың өздеріне қайтара алмай отырған жерлері ауылдағы «Салахатдин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  иелігінде. Оның жетекшісі болса, уәде беруден шаршамайды.  

«Міне, қазір қарашаның соңында астықты жинау жұмыстары бітеді, сонымен болды. Қараша айының соңында, желтоқсанның басында бұл сұрақ шешіледі. Шыққысы келгендерге, сау болыңыздар деймін! Болды», – деді «Салахаддин» ЖШС директоры Бари Амоев.

Он бес жыл бойы қалыптасқан жағдайға ат үстінен қараған аудан әкімдігіне халық сенбейді. Кеңселерінің табалдырығын әбден тоздырған тұрғындарға берген жауабы, бұл жолы да, құрғақ уәдеден аспады.

«Иә, пай иелерінің серіктестіктен шығуы туралы сот шешімі бар. Ол жуырда аудан әкімінің қабылдауында болды, серіктестік басшысы астық жинау жұмыстарынан кейін тұрғындармен кездесу өткізеді. Біз аудан әкімдігі ретінде бұл сұрақты қадағалайтын боламыз. Жиналыс өткізілетін болады, нәтижесінде серіктестік құрамынан шыққысы келетін тұрғындарға, шығып кетуге мүмкіндік беріледі», – деді Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары Қанат Бейсенов.

Золотая Нива ауылы облыс орталығынан 184 шақырым жерде орналасқан. Елді мекенде бүгінгі күні 712 адам тұрады. «Салахатдин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 35 мың гектар жер бар, оның 11 мыңы игерілмеген.  Серіктестік құрамынан өздеріне тиесілі жер аумақтарын жүзден аса тұрғын қайтарып алуға ниетті. Қазақстан Республикасының жер кодексінің  92-бабына сәйкес егістік жері 2 жыл қолданыста болмаса, жер мемлекетке қайтарылуы тиіс.