Шымкентте полицейге антикордың жалған құжатын көрсеткен ер адам ұсталды

05.06.2021 21:57
Видеодан алынған кадр

Шымкентте ер адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басқармасының куәлігін көрсетіп, полицейден құтылмақ болған. Куәлік жалған болып шықты. Оқиға қадрлары құқық қорғау органдары қызметкерінің видеожетонына түсірілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ге сілтеме жасап.

Шымкент полиция департаменті өкілдері 2 маусымда Жібек жолы көшесіндегі патрульдік полиция полкінің қызметкерлері сағат 18.40 шамасында жүргізушінің қауіпсіздік белдігін пайдалану ережелерін сақтамағаны үшін Лада-21144 маркалы автокөлігін тоқтатқанын хабарлады. Жүргізуші өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері ретінде таныстырып, ұялы телефонынан қызметтік куәліктің цифрлық нұсқасын көрсетіп, полиция қызметкерлерінен әкімшілік хаттама толтырмауды сұраған.

Жүргізушіге екі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, автокөлік айып тұрағына қойылды.

«3 маусымда аталған адам хаттамалар бойынша тиісті айыппұлдарын (14 585 теңге, 7292 теңге) төлеп, автокөлігін алып кетті», –  деп хабарлады полиция өкілдері.

Бұдан басқа, Шымкент тұрғыны жалған құжат пайдаланғаны үшін Қылмыстық кодекстің 385-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүріп жатыр. Осы баптың санкциясы 160 АЕК-ге дейін мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі жазаны көздейді.


Теги: жаза