28 жылда 150-ден астам кенші қаза тапқан
Ажал апанына айналған «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Қазақстанда 28 жылдан бері жұмыс істейді. Ширек ғасыр ішінде 150-ден астам кенші қаза тапқан. Кәсіпорын жақын күндері мемлекет меншігіне толық өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәсіпорын енді шетелге де сатылмайды. Меншік иесі өзгергенімен, қызметкер саны қысқартылмайды, еңбек шарты да қаз-қалпында сақталмақ.
– «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын мемлекетке қайтару үшін бюджет қаржысы пайдаланылмайды. Алдағы уақытта кәсіпорынның атауы да өзгеруі мүмкін. Қазақстанды құқықтық тұрғыда қорғау үшін егжей-тегжейлі заң жұмысын жүргізіп жатырмыз. Үкімет пен «АрселорМиттал» арасындағы келіссөз ұзақ уақыттан бері жүргізіліп келеді. Бастапқы құжаттарға 22 қазанда қол қойдық. Шахтадағы қайғылы жағдайға дейін де кәсіпорынды мемлекетке қайтару жоспарда болған, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Костенко шахтасында қалған жалғыз кеншінің де дене бөлшектері табылды. Құтқарушылар бұған дейін 45 жұмысшының мүрдесін жер бетіне шығарған. Қаза тапқан 40 адамның жеке басы анықталды. Қалған алтауының кім екені әлі белгісіз. Оларды сәйкестендіру үшін тиісті сараптама жүргізіледі.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Шахтадағы апат: министр кәсіпорында қандай заң бұзылғанын айтты