Оттың неден шарпығаны сараптама қорытындысынан белгілі болмақ
Алматыда белгілі адвокат Айман Омарованың көлігі жанып кетті. Оқиға кеше түнде әл-Фараби даңғылы бойында орын алған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқыс жағдайды адвокат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында тікелей эфирге түсірген. Оның сөзінше, машинаның ішінде өзі және туысы болған. Олар жолда келе жатқанда көліктің тежегіші кенет істен шыққан. Әрең тоқтаған машинаның алдыңғы бөлігі өртене бастапты.
Оқиға болған жерге полиция өкілдері жетіп, аумақты қоршауға алды. Біраз уақыттан соң өрт сөндірушілер келіп жалынды өшірген. Омарова видеожазбада көлігінің түгі қалмай жанып кеткенін айтып, мұны біреу қасақана істеуі мүмкін деген болжамын жасады. Қазір бұл жағдайға қатысты соталды тергеу ісі басталып, өрт-техникалық сараптама тағайындалған. Оттың неден шыққаны сараптама қорытындысынан кейін белгілі болмақ.