Қостанай облысында балықшы екі ұлының көз алдында суға батып кетті

23.11.2021 21:59

Кенет мұз ойылып кетіп, рөлде отырған 72 жастағы қария суға батып кетеді

ТЖД баспасөз қызметі

Қостанай облысында балықшы екі ұлының көз алдында суға батып кетті. Оқиға кеше кешкісін болған. Меңдіқара ауданына қарасты Харьков ауылының төрт тұрғыны кешкі сағат бес шамасында балық аулауға шығады. Ал қайғылы жағдай 21.30 кезінде тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan-ға сілтеме жасап.

ТЖД баспасөз қызметіндегілердің айтуынша, Обаған өзеніне барған төрт адамның бірі мұз үстінде көлікпен жүрген. Кенет мұз ойылып кетіп, рөлде отырған 72 жастағы қария суға батып кетеді.

"Қайғылы оқиға оның екі ұлы мен досының көз алдында болды. Олар құтқарушыларға қоңырау шалған. Сол жерге облыстың суда құтқару қызметі мамандары барды. Өкінішке қарай, оны ешкім құтқара алмады", – дейді ТЖД баспасөз қызметіндегілер.

1949 жылы туған ер адамның денесін сүңгуірлер бүгін таңертең тауып алды. "ВАЗ-21010" көлігі әлі өзен түбінен шығарылған жоқ. Өйткені мұз әлі қалың қатпаған.