Шымкентте газ құбырынан су ағып, 60-қа жуық үй көгілдір отынсыз қалды

06.11.2020 02:02

4 күн қатарынан салқын үйде күнелткендер тиісті орындарға хабар берген

Almaty.tv

Шымкентте газ құбырынан су ақты. Салдарынан Қайтпас-1 шағынауданында 60-қа жуық үй көгілдір отынсыз қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Медеу көшесінің тұрғындары газ жүйесінен кеткен ақаудың кесірінен есептегіш құралына дейін зақым келгенін айтады. 4 күн қатарынан салқын үйде күнелткендер тиісті орындарға хабар берген. Алайда мәселенің бүгінге дейін шешімін таппағанын айтып биліктегілерге өкпесі қара қазандай екенін жеткізді. Ал жауапты мекеме өкілдері проблеманы шешудің орнына жауапкершілікті бір-біріне сілтеп отыр.

Газдың орнына судың аққанын көргендер алғашында ештеңе түсінбедік дейді. Газ құбырына су толып, көгілдір отын келмеген соң арнайы орындарға хабарласып көмек те сұраған.  

Жауаптылар болса суға толған құбырларды тазартыпты. Алайда одан нәтиже болмаған соң, уақытша бекітіп кеткен.  

«Қазір барсақ анаған жіберіп, анаған жіберіп «футболный поля» қылып отыр бізді. Ал халық қиналып жатыр. Менің түсінгенім – трубаның ішіне су толып қалған. Толып қалған барлығының счетшигінің іші су. Ол бұзылса, ертең барлығы 18 мың теңгені қайдан табады?» – деді қала тұрғыны Базарбай Тұрсынов

4 күннен бері көгілдір отынсыз қалған тұрғындардың жағдайын білуге ешкім келмеген. Тек арна тілшілерінің араласуымен мәселеден хабардар болған Қаратау ауданының әкімі және энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық өкілдері мән-жайды анықтауға кірісті. Ал, су құбырлары мен кәріз жүйесіне жауаптылар газ құбырына судың қайдан келіп жатқаны әлі анықталмағанын айтты. Бұл мәселемен Қазтрансгаз аймақ айналысу керек дейді ол.  

«Кеңжайық пен Төкеевтің Айбол магазинінің қасында 25 қазанда авария болған. Ол кезде біз газдың трубасының кішкене ақау болған. Одан кейін 104-ке звандап, олардың өздерінің авариный жігіттері келген. Олар оны өшіріп, судың барлығын ағызып, қазіргі таңда бізге штраф салып актілерін түзіп ол орынын жойған. Ал мына Медеу көшесінің ол судың бұл жерге қатысы жоқ», – деді қалалық Су құбырлары және кәріз жүйесі басқармасының басшысы Нұрғали Қосмұратов.

Газ құбырынан су атқыласа да, Қазтрансгаз өкілдері мәселені шешуше асығар емес. Қазіргі уақытқа дейін құбырға судың қайдан келіп жатқанын ешбір мекеме дөп басып айтып бере алмады. Ал тұрғындар болса, суық үйде бүгінде түнеуге мәжбүр болып отыр.