Мұнда әлеуметтік қашықтық атымен жоқ, іште аяқ алып жүру мүмкін емес
Алмалы ауданындағы көңіл көтеру орындарының бірі бір уақытта жүзден астам адамды қабылдаған. Клиенттерді толтырып алып қызмет көрсеткен нысанды арнайы құрылған мобильді тексеру тобы анықтады. Сонымен қатар, мамандар демалыс күндері жұмысын тоқтатуы тиіс жабық ғимараттарды бақылап шықты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Демалыс күндері карантин талаптарына сәйкес қалада қызмет көрсететін жабық нысандардың жұмыс істемейтіні белгілі. Тәртіптің қаншалықты сақталып жатқанын бақылау үшін Алмалы ауданының әкімдік өкілдері, санитария мамандары, учаскелік полиция мен Нұр Отан партиясының қызметкерлері шағын бизнес ғимараттарын тексеріп шықты. Алдымен «Барыс-4», «Жұлдыз» базарларына бас сұққан бақылаушылар мұндағы қоймалардың жұмыс істеп жатпағанына көз жеткізді.
«Сенбі, жексенбі күндері жабылған кезде мысалы осыны айтайық үлкен ангар біз үлкен дезинфекция жүргіземіз. Бізде ол үшін арнайы жеке компаниямен келісімшарт бар. солар өздері келеді. Толықтай дезинфекция жасайды», – деді «Барыс-4» әмбебап көтерме-сауда кешенінің өкілі Самат Нұршабаев.
«Сауна қонақүйге қарайтындықтан біз жұмыс істей береміз» деген бұл әйел тексеру келгенін шынымен білмей қалған сыңайлы. Артынша бақылау тобын көргенде «ешкімді қабылдамаймыз» деп дес бермеді. Соған қарамастан мамандар нысанның иесі жазасыз қалмайды дейді.
«Демалыс күндері жұмыс істемеуі тиіс нысан анықталды. Тексеру барысында сауна ашық тұрды әрі адам қабылдап қызмет көрсетуге әзір екенін білдірді. Бұл нысанның қожайынына әкімшілік заңбұзушылық туралы хабарлама қалдырылды. Ол басқармаға келуі керек. Содан кейін тіркелген кәсібіне қарай айыппұл салынады», – деді Алмалы аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Гуля Илялетдинова.
Ал мына қоғамдық тамақтану орнына кірген адам карантинді ұмытып кеткендей. Түнгі рейдке шыққан мамандар қаладағы көңіл көтеретін орындардың бірінде жүзден астам адамның жүргенін анықтады. Мұнда әлеуметтік қашықтық атымен жоқ, іште аяқ алып жүру мүмкін емес. Нысан әкімшісі орнынан табылмады. Десе де тексерушілер кафе иесі жауапкершіліктен жалтара алмайды дейді. Қоғамдық орын сол арада жабылып, жұмысы тоқтатылды. Бірақ келушілер бірден тараса қоймады.
Жалпы Алмалы ауданы бойынша 2 мыңға жуық нысан тексеріліп, заң бұзған оның 34-інің жұмысы тоқтатылған.
Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы