Сотталушы кәмелеттік жасқа толмай тұрып есіртікіге әуестенген екен
Нұр-Сұлтан қаласында есірткі өндіруші жеті жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Елорда маңында синтетикалық есірткіні өндіру және өткізу фактісі бойынша сот процесі аяқталды.
Халық арасында «скорость» атауымен белгілі альфа-пирролидиновалерофенон атты есірткінің аса ірі мөлшердегі өндірісімен айналысып жүрген 19 жастағы екібастұздық тұрғын сот құзырына берілді.
Сот қарауы барысында белгілі болғанындай, сотталушы кәмелеттік жасқа толмай тұрып есіртікіге әуестенген. Ол өзін есірткімен қамтамасыз ету және табыс табу үшін тыйым салынған заттарды дайындау туралы шешім қабылдаған екен. Сол үшін ол астанаға көшіп, Көктал ықшамауданында жалға үй алып, психотропты заттар өндірісін жолға қойған.
«Тінту барысында астаналық полицейлер синтетикалық есірткі өндірісіне арналған химиялық заттарды, психотропты заттардың қалдықтары бар колбаларды, вакуумды аппаратты, есірткі өндірісі бойынша формулалар жазылған дәптер, противогаздар, өлшеуіштер, сондай-ақ күдіктінің есірткі өндіру кезінде киген химиялық қорғаныс костюмін алды», - делінген хабарламада.
Жалпы салмағы 2 кг 340 гр дайындалған есірткі алынды. Яғни 1 грамм «скорость» 50 дозаға теңеледі.
Дәлелдеме ретінде сотқа есірткіні жасыру орындары көрсетілген геобелгілері бар ұялы телефондар ұсынылды.
Сот топтасқан түрде аса ірі көлемде психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындады деген айыппен 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Соттың үкімі заңды күшіне енді.