Bek Air ұшағының құлауына - әуе кемесінің үстіне мұздың қатып қалуы себеп болуы мүмкін
Апатқа түрткі болуы ықтимал басты нұсқаны бүгін еліміз премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке Роман Скляр, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев және Мемлекетаралық авиациялық комитеттің бас директоры Виктор Сороченко қатысты.
Бастапқыда комиссия апатқа түрткі болуы ықтимал 4 себепті қарастырды. Біріншісі, әуе кемесін коммерциялық жүктеу мен орталықтаудың бұзылуы деп белгіленді. Ал екінші себеп, сыртқы факторлардың әсері. Мәселен, желдің жылжуы, бағыттас ағыс, мұз басу сияқты метеожағдайлар. Қалғандарын экипаж қателігі мен авиациялық техниканың істен шығуы деп алға тартты. Алайда, олардың үшеуі расталмады. Bek Air ұшағының құлауының негізгі нұсқасы - әуе кемесінің үстіне мұздың қатуы болып отыр.
«Комиссия әуе кемесінің үстіне мұздың қатуы сияқты себепті шығармай отыр. Себебі, былтырғы жылдың 25-27 желтоқсанына дейін, яғни екі тәулік бойы даладағы тұрақта тұрған. Сұйықтықпен өңдеу жұмысы ішінара жүргізілген. Әуе кемесі командирінің шешімі бойынша, тек стабилизаторды өңдеу туралы шешім қабылданған. Бірінші санаттағы мұздың басуына қарсы сұйықтықпен ұшақ қанаттары да өңделу тиіс»,-деді ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман СКЛЯР.
Мемлекетаралық авиациялық комитет Алматы маңындағы Bek Air ұшағының құлау себебін анықтау аясында Францияда Fokker-100 ұшағымен болған апатпен ұқсастығын талдамақ. Қазіргі таңда Мемлекетаралық авиациялық комитет Франция билігінен төтенше жағдайды тергеу бойынша материалдарын жіті талдау үшін сұратқан. Бұдан соң екі ұшудың синхронизациясы жасалмақ.
«Алматыдағы Bek Air ұшағының ұшу динамикасы мен жағдайдың өрбуін 2007 жылы Францияда және 1997 жылы Югославияда болған апаттармен өте ұқсас келеді. Франциядағы тексеру бюросының комиссиясы 2007 жылы Fokker-100 ұшағының құлауына мұздың қатуы себеп болғанын анықтады»,-деді Мемлекетаралық авиациялық комитетінің бас директоры Виктор СОРОЧЕНКО.
Айта кетейік, былтыр 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшпақшы болған Bek Air әуе компаниясына тиесілі Фоккер-100 ұшағы апатқа ұшыраған еді. Борnта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апаттан 12 адам мерт болды. Оның біреуі ұшақ командирі.
Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан.