NASA Мақтааралдағы су тасқынына дейінгі және кейінгі жағдайды көрсетті

14.05.2020 22:14

Фотосуреттер 22 сәуір мен 8 мамырда Landsat 8 спутнигінің көмегімен түсірілген

Фото: NASA

Ғарышты зерттеу бойынша америкалық NASA ұлттық агенттігі Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданы мен Өзбекстан аумағының спутниктен түсірілген суреттерін жариялады. Онда Сардоба су қоймасы жарылғанға дейінгі және кейінгі жағдай көрсетілген, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Фотосуреттер 22 сәуір мен 8 мамырда Landsat 8 спутнигінің көмегімен түсірілген.

8 мамырда түсірілген суреттерден судың қай жерге дейін барғанын және су қоймасының қазіргі жағдайын көруге болады.

Келесі суретте жартылай бос су қоймасы көрсетілген. Қоймадан аққан су спутник суретке түсіріп жатқан кездерде тоқтаған. Бірақ судың қай бағытқа аққанын көруге болады.

Еске салайық, Өзбекстанда 1 мамырда болған жаңбыр мен дауылдан кейін Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгеттерінің бірі жарылған еді. Кейін Түркістан облысы Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.