Қыз мектептен кейін үйіне қайта оралмаған
Жамбыл облысы Қаратау қаласында мектеп оқушысы жоғалып кетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
9 жастағы қыз мектептен кейін үйіне қайта оралмаған.
«Аталған дерек бойынша қалалық, аудандық полиция бөлімдері мен барлық облыстарға шұғыл түрде бағыттама беріліп, жедел-іздестіру топтары құрылды. Олар қараусыз қалған үйлер, саябақтар, базарлар мен оқу орындары, сондай-ақ аурухана, вокзал, канализациялық люктер мен қала аумағының тағы басқа орындарында іздестіру жұмыстарын жүргізуде», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, іздестіру жұмыстарына 40 полиция қызметкері, 22 мұғалім мен еріктілер, 4 Төтенше жағдай қызметкері және қызметтік-іздестіру иттері жұмылдырылды.
Жамбыл облысы Полиция департаменті суретте көрсетілген Берик Аруай Мұхитқызына қатысты қандай да бір ақпарат болса, 8 (726 44) 6-08-28, 6-05-66, 6-29-16 нөмірлеріне немесе 102-ге хабарласуларыңызды сұрайды.