Бір ғана сәуір айының өзінде осындай 8 оқиға тіркелген
Елімізде балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілеп кетті. Төтенше жағдайлар комитеті осылай деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәселен, осы жылдың 4 айында көппәтерлі тұрғын үйлердің терезесінен 2-ден 8 жасқа дейінгі 14 бала құлаған. Әсіресе карантин уақытында оқыс оқиғалар көбейіп барады дейді құтқарушылар. Бір ғана сәуір айының өзінде осындай 8 оқиға тіркелген.
«Өткен демалыс кезінде елімізде 3 баланың терезеден құлау оқиғасы тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласында Момышұлы көшесі бойынша 16-қабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы пәтердің терезесінен 2016 жылы туған бала құлап, оқиға орнында көз жұмды. Екінші оқиға Таразда тіркелді. Тұрғын үйдің 4-қабатындағы терезеден құлады. Ауыр жарақатпен емханаға жеткізілді. Және Атырау облысындағы Мақат ауылында тұрғын үйдің екінші қабатындағы терезеден 2019 жылы туған бала құлады», – деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан НҰРАХМЕТОВ.
Айта кетейік, 2019 жылы 100-ден астам бала тұрғын үйдің терезезінен құлаған. Алайда бұл ата-аналарға сабақ болар емес, дейді төтенше жағдай комитетінің мамандары. Сол себепті олар барынша сақтық шараларын қолдануға шақырады.