Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы автожолда ірі жол апаты болып, 25 адам зардап шекті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Өңірдегі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар автожолында 26 темір тұлпар соқтығысқан.
Жамбыл облысында сағат 11:00-де 26 көлік, оның ішінде төрт жолаушылар автобусы мен төрт жүк көлігі де соқтығысқан ірі жол апаты тіркелді. Алдын ала болжам бойынша, Алматы - Ташкент тасжолындағы апатқа көктайғақ пен боран себеп болған.
– Желдің күшеюіне байланысты жолаушылар және автокөлік жүргізушілері жол көрмей бір-біріне соқтығысып, соның салдарынан жол апаты болды, – деді Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жайдарбек Құттыбаев.
– Төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғау қызметін жұмылдыра отырып, жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды. Ауа райына байланысты күрделі жағдай, Жуалы ауданында Алматы-Ташкент тасжолындағы 561-шақырымында болды, – деді ТЖД бастығының орынбасары Руслан Орынбек.
Деректерге сенсек, абырой болғанда қаза тапқандар жоқ. Алайда апаттан 25 адам зардап шеккен. Оның біреуі кәмелет жасына толмаған. 4 адам жансақтау бөліміне жатқызылса, бес науқас хирургия бөлімінде ем алып жатыр. Ал 39 жолаушы жылыту пунктіне жеткізілген.
– Бірінші келіп, КамАЗ соқты. Содан екіншісін білмей қалдық, тамақтанып отырғанбыз. Бірден ес жия алмадық. Бала-шағамен отырғанбыз. Келінім басын ұрып алды, – деді куәгер Айнұр Оспанова.
– Көмек көрсетіп жатыр, кешкі пойызбен Түркістанға кетеміз. Күтіп отырмыз, – деді куәгер Қызболған Егембердиева.
Оқиға орнында полиция мен медицина қызметкерлері жұмыс істеді. Одан бөлек, құтқару жұмыстарына төтеншеліктердің 20 арнайы техникасы мен 40 маманы жұмылдырылған. Сондай-ақ психологиялық қолдау үшін жедел желі іске қосылды. Қазір тәртіп сақшылары апаттың мән-жайын анықтап жатыр.
Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Бүйрегін 18 мың долларға сатпақ болған жігіт ұсталды