Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа үй салынады

20.03.2023 22:23

Бүгінде 75 отбасына материалдық көмек көрсетілді

Almaty.tv

Ақтөбе облысында тасқын салдарынан баспаналары қирап қалған тұрғындарға әкімдік жаңа үй салып береді, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ведомство басшысы аймақтағы суға кеткен елдімекендерді әуеден бақылап, апатты жою үшін атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қазір Қобдада 79 үй, аула, дәмхана, мектеп пен спорт кешені, ал Ойылда 25 үй суға кеткен. Қызыл суға шыдамай іргетасы ыдырап, қабырғасы құлаған баспаналар да жетерлік.  Шенеуніктер мұның бәрі ескерусіз қалмайды деп сендірді.

«Зардап шеккендердің жағдайын жасап, өтемақы беру үшін облыс әкімдігінде қаржы жеткілікті. Төтенше жағдай кезінде пайдаланатын қосымша қаражат та бар. Қазір комиссия тексеріп жатыр. Шешім шыққаннан кейін, көмек көрсетіледі. Ешкім назардан тыс қалмайды», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Қобдадағы ахуал қалыпқа келгенімен, Ойылдың жағдайы әлі де ойсырап тұр. Қаратал, Берсивтегі ағайын ауыл арасына қайықпен қатынап, белуардан суға батқан үйін алыстан бақылап жүр. Жағдай әзір тұрақталған жоқ. Тасқыннан жапа шеккен ғимараттардың саны әлі де өсуі мүмкін.

«Біраз үйлерді төмен жерге салынған. Бірақ табиғат жағдайына қарап отыруға қақымыз жоқ. Кеше біраз азаматтарды, дәрігерлерді жібердім. Бүгінде құр қол келген жоқпыз», – деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Министр ауыл ішін аралап, тасқыннан зардап шегіп, шығынға батқан тұрғындардың жағдайын сұрасты. Үйсіз қалған отбасы балаларын көктемгі демалыста сауықтыру лагеріне жіберетін болды.

Арнайы комиссия су басқан құрылыстарды зерттеп жатыр. Жұмыс толық аяқталғаннан кейін жапа шеккендердің шығыны өтеледі. Бүгінде 75 отбасына материалдық көмек көрсетілді. Бюджеттен тыс қаражат есебінен 500 мың теңгеден берілді. Үйлері қалпына келтірілмейтін тұрғындар үшін жаңа баспана тұрғызбақ.

Айдана Қайрат, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе