|
30.05.2019 | 19:53
5878

«Олар емес мен өлуім керек еді»: Алматыда екі адамды қағып өлтірген жігіт маскүнем болғанын мойындады

Қос келіншектің артында 7 бірдей бала жетім қалды

«Олар емес мен өлуім керек еді»: Алматыда екі адамды қағып өлтірген жігіт маскүнем болғанын мойындады

Алматыдағы аялдамада жантүршігерлік жол апатын жасап, екі әйелді қағып өлтірген жүргізуші ішімдікке тәуелді болған. Бұл туралы бүгін аты шулы іске қатысты сотта мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Сотталушы сол қанды оқиғада қаза тапқан қос келіншектің туыстарымен бүгін алғаш рет бетпе-бет жүздесіп отыр. Ішімдікке сылқия тойып, екі әйелді жазым еткен 32 жастағы Александр Типикин өз кінәсін мойындады. Залға кіргеннен жайбарақат отырған ол, өзіне сөз берілгенде бірден өткенге өкінішін білдірді. Кінәсін толық мойындап, марқұмдардың отбасынан жалбарынып кешірім сұрады. Дегенмен, қара жамылғандардың жүрегі жіби қоймады.

«Шын жүрегіммен істеген ісіме өкінемін. Марқұмдардың туыстарынан, артында қалған бала-шағасынан кешірім өтінемін. Сол жол апатында жазықсыз жандар емес, керісінше мен  өлуім керек еді. Қатты өкінемін. Мен жол апатын әдейі жасаған жоқпын», – дейді сотталушы Александр ТИПИКИН.

Александр Типикин осылай ағынан жарылғанымен, сол күнгі сұмдықтың жай-жапсарын прокурор жіпке тізді. 32 жастағы сотталушы 15 наурызда ескі танысымен таң атқанша әбден араққа сылқия тойған екен. Ал ертеңінде екеуінің әңгімесі жараспай, ұрсысып тынады. Ашуға булыққан Александр мастығына қарамастан рөлге отырып, жол ережесін бұзады. Әуелі Тәттібеков пен Коперник көшелерінің қиылысында жеңіл көлікке соғылып, кейін аялдамада автобус күтіп тұрған 3 адамды қағып бірақ тоқтаған.

«Сот-наркологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, Типикин Александр алкогольге тәуелді. Ол ішімдік ішсе психологиялық ауытқу пайда болады және осы тәуелділіктен емге зәру. Сотталушы бұған дейін мас бола тұра, темір тұлпар тізгіндегені үшін көлік жүргізу құқығынан 3 жылға дейін айырылған болатын. Бірақ соған қарамастан, рұқсатсыз көлікке отырып жазықсыз жандарды опат қылды. Оның үстінен қылмыстық кодекстің 346 бабы бойынша айып тағылды», – дейді мемлекеттік айыптаушы Дәурен ХАЛЫҚОВ.

Ащы суға құныққан жүргізушінің кесірінен Гузаль Есімханова мен Мереке Әбенова есімді қос келіншек қайтыс болды. Олардың соңынан ботадай боздаған жеті бала жетім қалды. Ал сол оқыс оқиғада аман қалып, аяғын сындарған үшінші жәбірленуші Манатбек Тобжановтың денсаулығы әлі де оңалмапты. Ол аяғына тағы да ота жасамаса, күн өткен сайын жүруім қиындап кетті деп шағымданды. Сондай-ақ, жәбірленушілер сотталушының анасы өздеріне тек бір айдан соң кешірім сұрап келгеніне қайран қалды.

«Анасы бір айдан кейін келіп үйге, «осы уақытқа дейін қайда жүрсіз?» десем, «менің балам ондай емес, менің балам мұндай» емес деп маған айқайлайды. Кешірім сұрап келген жоқ ол, «кешірдім деп айт, сотта жеңілдік болсын» деп өз басын ойлап келді.  Сонысына ашуланған мен баласын кешіре алмайтынымды айттым» дейді М.Әбенованың күйеуі Асқар ИМАНТАЕВ.

Жәбірленушілердің үшеуі де бірауыздан сотталушыны кешірмейтіндерін кесіп айтты. Олар судьяның әділ үкім шығарып 7 баланы жетім еткен жүргізушіні барынша қатаң жазалайтынына сенімді. Сондай-ақ, жәбірленуші тарап сотталушы Типикиннен материалдық және моральдық шығынды өндіріп алуға арыз жазатындарын жеткізді.  

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир