Оқиға орнына жедел-құтқару жасағы жіберілді
Қапшағайда балық аулауға шыққан ер адам өздігімен жағаға жете алмай қалған. Алматы облысы ТЖД-ның мәліметінше, 16 ақпан күні сағат 08:52-де Қапшағай су қоймасының «Голубой залив» учаскесі аумағыңда сынған мұздың үстінде 1949 жылы туған ер адамның қалып қойғаны туралы хабарлама түскен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға орнына Қонаев қаласының жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жіберілді.
Белгілі болғандай, ер адам түнгі уақытта балық аулауға келген. Таңертең мұз сынып кеткен соң, ер адам өздігінен жағаға шыға алмай, құтқару қызметіне хабарласқан.
- Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағының 8 құтқарушысы, 2 техникасы мен жүзу құралдарының күшімен балықшы жағаға жеткізілді. Медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ, - деп хабарлады Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Алматы облысының ТЖД халықты су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтап, жұқа мұздың үстіне шықпауға кеңес берді.
Оқи отырыңыз: Алматыда уақытша бірнеше көше жабылады