Маңғыстауда қырылған аққу саны 600-ге жетті

07.01.2024 22:34

Құстардың жаппай қырылу себебін алматылық орнитологтар зерттейді

Фото:Устюртского государственного природного заповедника

Ақтаудағы Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылу себебін Алматы қаласынан келген орнитологтар зерттейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы 601 сыбырлақ аққудың өлімі фактісін растады (Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмеген).

Ақтаудағы Қаракөл көлінде құстардың жаппай қырылу себептерін анықтау үшін Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының орнитологтары зерттеу жүргізеді.

Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте белгілі болды.

Ақтауда Қаракөл көлінде өткен жылдың 21 желтоқсанында аққулардың жаппай қырылуы басталды, онда 600-ден астам құс қырылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов баяндады.

Оның айтуынша, Қаракөл көлінде қаза тапқан аққулардың саны туралы ақпарат күн сайын жаңарып отырады.

— 2023 жылғы 21 желтоқсанда Қаракөл көлінде аққулардың өлімі туралы алғашқы хабарлама келіп түсті. Біз Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты ұлттық референттік орталықтың мамандарымен, микробиология және вирусология институтының сарапшыларымен байланысқа шықтық. Олар тексеру жүргізу мақсатында өлген аққулардан сынама алу үшін мамандар жіберді. Қазіргі уақытта, 2024 жылдың 6 қаңтарындағы жағдай бойынша біз 601 аққудың өлімін тіркедік. Өлген аққулардың 90 пайыздан астамы — жас аққулар. Қосымша зерттеулер жүргізу үшін Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясының оринтологтарын күтеміз, — деді Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов.

Бастапқы талдаулар нәтижесі аққулардың құс тұмауын жұқтыру себебінен өлуі мүмкін екенін көрсеткен.

Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылуы құс тұмауының өршуінен болғанын көрсетеді. Олардан H5N1 азиялық штаммы табылды. Бұл вирустың адамдарға жұқпалылығы төмен, құстарға әсер етеді, басқа жануарлар жұқтырған жағдайда симптомсыз өтеді. Өткен жылы ветеринариялық — профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес қауіп төнген аймақта алты мың бас құс вакцинацияланды. Облыста барлығы үш құс шаруашылығы бар, бірақ оларда шаруашылықтың жабық түрі болғандықтан құстарды егуден бас тартты, — деді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин.

Оның айтуынша, облыстың ветеринариялық қызметтерінің күшімен жеке қосалқы шаруашылықтардағы үй құстары арасындағы эпизоотиялық жағдайға күнделікті негізде мониторинг жүргізіліп жатыр.

Нұрлан Ноғаев құстардың жаппай қырылуына қатысты орын алған жағдай, оның таралу себептеріне байланысты көптеген сұрақтар туындатып отырғанын, бұл жағдай егжей-тегжейлі тергеуді талап ететінін атап өтті.

— Экологтар мен білікті мамандар мәселенің мән-жайын бірге анықтап, мұның одан әрі таралуын болдырмау үшін шаралар қабылдауы керек. Орнитологтар құстардың тамақтануы туралы нақты ұсыныстар беруі керек. Кейбір сарапшылар аққуларды тамақтандыру қолдаса, ал басқалары, керісінше, қауіп деп санайды. Асығыс қорытынды жасауға болмайды, алдымен анықтау керек, — деп тапсырды Нұрлан Ноғаев.

Үстірт мемлекеттік тарихи қорығы директорының міндетін атқарушы Жасқайрат Нұрмұхамбетов өңір тұрғындары мен қонақтарын аққуларды азықтандыру ойынан бас тартуға шақырды.

— Біз өңіріміздің табиғатын сақтауға белсенді қатысқаны үшін халыққа алғыс айтамыз. Алайда, осы мәселеге барынша саналы түрде қарауыңызды сұраймыз. Қаракөл көлі-таяз, бұл жағдайда азықтандыру бүкіл экожүйе үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Сонымен қатар, Аққулар тек құрғақ астықпен қоректенбейді, олар су асты өсімдіктерімен қоректенеді, — деп атап өтті Үстірт мемлекеттік тарихи қорығы директорының міндетін атқарушы Жасқайрат Нұрмұхамбетов.

Қаракөл көлі Қазақстанның қорғалатын орнитологиялық орындарының қатарына жатады.

Бұл мекен — ондаған мың құстардың қыста қонақтайтын орны.

Бір жыл ішінде Қаракөл көліне жыл құстарының 80-нен астам түрі, соның ішінде аққулар мен бүркіттер келеді.

Бұл сулы-батпақты алқапта жылдың әр мезгілінде суда жүзетін және су маңындағы құстардың 175 түрі, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құстардың 21 түрі мекендейді.

Оқи отырыңыз: ТЖ қызметкерлері бір тәулікте 43 адамды құтқарды