Кінәлі адамдар әзірге табылған жоқ. Құқық қорғаушылар оқиға куәгерлерінен полицияға хабарласуды өтінді
Оралда төбелес салдарынан 29 жастағы ер адам көз жұмды. Трагедия 11 қыркүйек түнде болған. «102» пультіне Назарбаев көшесінде, жергілікті шіркеу маңында белгісіз біреулердің төбелесіп жатқаны туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
«Шұғыл түрде жақын маңдағы полиция жасағы жіберілді. Оқиға орнына келген полицейлер көшеден 25-30 жастағы белгісіз ер адамның денесін тапты. Кейінірек марқұмның жеке басы анықталды. Ол 1992 жылы туған Ш.есімді азамат», – делінген Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметнің хабарламасында.
Қазір оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның мән-жайы және аса ауыр қылмысқа қатысы бар адамдар анықталуда.
Қылмыстық кодекстің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бойынша қылмыстың ауырлығына қарай 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Өңір полицейлері оқиға куәгерлерінен білетін бүкіл ақпаратты Абай полиция бөліміне немесе 102 нөміріне хабарлауын сұрады. Куәгерлердің аты-жөні жария етілмейді, ақпараттың құпиялығына полиция кепілдік береді.