Зардап шеккен азамат ауруханаға түсті
Алматы қаласындағы сауда үйлерінің бірінде жасөспірімдер күзетшіні пышақтап кеткен. Қазіргі уақытта күдіктілер тұтқындалып, бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, оқиға 24 тамызда орын алған. 2002 және 2003 жылғы екі жасөспірім қаладағы сауда үйлерінің бірінің күзетшісін пышақтап кеткен. Салдарынан зардап шеккен азамат ауруханаға түсті.
«Аталған дерек Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» және «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының тізімдемесіне тіркелді», - дейді қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.
Бүгінгі таңда күдіктілер тұтқындалды. Олар уақытша ұстау изоляторына тоғытылды.
Полиция департаментінің тергеу басқармасы аталған қылмыстық істі тергеп жатыр.