Бұдан бөлек, 8 адам жарақат алды
Шымкент қаласындағы жарылыс кезінде перинаталдық орталықта бір нәресте шетінеп кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, Шымкенттегі облыстық 1 перинаталдық орталық жарылған жеке меншік дәріхананың дәл жанында орналасқан.
"Жарылыс кезінде орталықта 189 пациент және 65 қызметкер болған. Оқиға салдарынан перинаталдық орталықтың 1 қызметкері қаза тауып, 1 нәресте шетінеді. Баланың туғанына 18 тәулік, салмағы 790 грамм болған. Бұдан бөлек, 8 адам жарақат алды", - дейді басқарма мамандары.
Зардап шеккен адамдарды Түркістан облыстық клиникалық ауруханаға, Шымкент қалалық клиникалық ауруханасына, 2 қалалық ауруханаға жеткізді.
"Айта кетейік, жарылыс болған ғимарат "Межбольничная 138 аптека" ЖШС-іне тиесілі. Ғимараттың перинаталдық орталыққа қатысы жоқ", - делінген ресми ақпаратта.