Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Алматының Әл-Фараби даңғылында ірі жол апаты болып, 7 адам зардап шекті. Олардың төртеуі бала, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қатты соққыдан жеңіл көлік ішіндегілер бас жарақатын алған, денесі көгерген. Жапа шеккендер бірден ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер қажетті тексеру жүргізген. Қазір бәрі амбулаториялық емдеуге жіберілген. Ал полиция департаменті жол оқиғасы салдарынан бірнеше автокөліктің зардап шеккенін мәлімдеді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
– Mersedes автокөлігінің жүргізушісі Жамақаев көшесінің бойымен солтүстік бағытта келе жатып, Әл-Фараби даңғылының қиылысында бөлгіш қоршауға соғылып, даңғылдың бойымен батысқа қарай келе жатқан 3 көлікпен соқтығысқан, – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Айта кетейік, жол көлік оқиғасы сағат 15:00-де болған. Бордюрлар тиелген ауыр жүк көлігі Жамақаев көшесінен Әл-Фараби даңғылына оңға бұрылуы керек болған. Алайда белгісіз себептермен тоқтай алмаған. Даңғылдың шығыс бөлігіне қарай жүйткіп, жолды бөліп тұрған аллеядағы ағашты опырып түсірген. Сол кезде тиелген бордюрлар шашылып қалған. Артынша даңғылдың қарсы жолағына өтіп кетіп, кептелісте келе жатқан Субару автокөлігіне соғылыпты. Кейін BMW көлігін ұрған. Ол қатты иннерциямен келесі көлікті қаққан.
– Кептеліс болған. Ақырын жүріп келе жатқан кезде, сол жағымыздан қатты дыбыс шықты. Бұрылып қарағанда "КамАЗз" жүк көлігі менің бағытыма қарай жүріп келе жатқанын байқадым. Қас қағым сәтте барлық қоршауды, жолды бұзып, машиналарды соғып кетті. Мен ештеңе аңғарып та, айтып та үлгере алмай қалдым, – деді зардап шегуші Нұрсұлтан Батырәлиев.
Оқи отырыңыз: Алматыда заңсыз салынған көлік жуу нысаны сүрілді