Алматыда Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасын ұрлаған әккі ұсталды. Оқиға Денис Теннің көз жұмған жеріне жақын маңда өткен сенбіде болған деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Полицейлер болса қайғылы жайттардың алдын-алу үшін барынша қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатқандарын айтады.
Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасын ұрлап жатқан сәт бейнебақылау камераларына жазылып қалған. Осы жазба арқылы тәртіп сақшылары ұрыны тез қолға түсіріпті. Олимпиада чемпионы бұған дейін де осындай жағдаймен бетпе-бет кездескенін айтады. Алайда, ол кезде ұрылар ұсталмаған. Бұл жолы полицейлер күдіктіні дереу қолға түсірдік деп отыр.
«Ол Әуезов ауданының 1986 жылғы тұрғыны болып шықты. Бұрын-соңды осындай мүліктік қылмыстар жасағаны үшін 3 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталған азамат. Оның қылмысы бейнекамераға түсіп қалған. Қылмысты ашуға сол жазбалар көмектесті. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды», - дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Ұрлық болған сәтте Дмитрий Баландиннің көлігі Құрманғазы, Абылай хан және Байсейітова көшелерінің шеңберінде тұрған. Спортшы достарымен дәмханада ас ішіп отырған, кейін далаға шыққанда айнасын шешіп алып кеткенін байқап, полицияға шағымданған екен. Әрбір айнаның құны шамамен 400 мың теңге дейді спортшының өзі.
«Дәл осылай көліктің айнасын ұрлайтындардың қитұрқы әркетіне тосқауыл қою үшін Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшелері 17 түрлі шараны қолға алған. Әуелі, камера саны артып, полиция қызметкерлерін көптеп жұмылдырдық. Денис Теннің қазасынан кейін ұрылардың әрекеті қатаң бақылауға алынып, қалада мұндай қылмыс 2 жарым есеге азайды деуге болады», - дейді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Андрей МОРГУНОВ.
Жергілікті жұрт қарақшылардың әрекетін тыю үшін бақылау қатаң болу керек дейді. Әйтпесе, ел намысын қорғап жүрген спортшылар тұрмақ, «ашкөз» адам қараша халықтың да соңғы тиынын қалтасынан қағып алу үшін қылмысқа баруын тоқтатпайды. Әлеуметтік желі қолданушылары да осындай пікірде. Сондай-ақ, олар қаланың ішінде бір тәулікке пәтер жалдайтын азаматтардың жеке басын анықтап, олардың не үшін келгенін білу маңызды екенін алға тартады.
Бұл мәселеге қатысты қала тұрғындарының пікірін «Алматы» телеарнасының тілшісі білмек болды.
- Пәтерлерін тәулікке жалға беретіндер де проблема тудырып отыр деп айта аламын. Өйткені, ол пәтерлерге кімдердің кеп жатқаны белгісіз. Қылмыс жасайтындар пәтерлерін жиі алмастырады, соны ескерген жөн.
- Егер бір көшеде бір рет қана ұрлық жасалса – кездейсоқтық, ал егер қайталанса – бұл жерге ұрылар шоғырланған.
- Осы жерде бейнебақылау камералары толып тұр. Бірақ ұрылар еш қысылмастан қылмысын жасап жүр. Яғни, арқа сүйейтін сенімді адамдары болып тұр ғой?!
- Адам еңбектеніп, маңдай термен ақша табу керек. Ал, ұрылардың отбасындағы тәрбиесі осындай болып тұрған шығар... Олар барынша оңай ақшаға кенелгісі келеді.
- Дмитрий Баландин ұрылардың артынан қумағаны дұрыс болыпты. Құдай сақтаған деп айтар едім. Айнаны ақшаға сатып алуға болады. Өзі аман қалғанын шүкір, - дейді алматылықтар.
Көпшіліктің басым ойы соңғы пікірге саяды. Өйткені, ұрылар өздерін ұстатпас үшін адам өлтіруден тайынбайды. Оған Денис Теннің ауыр қазасы дәлел.
Айта кетейік, соңғы жарты жылда бөтеннің мүлкіне қол сұққан 403 адам ұсталған. Олар 118 қылмысытық топтың құрамында болған екен. Ал соңғы 3 айдың ішінде көліктің айнасын үптеп кеткен 3 қылмыстық топтың 30 адамы қолға түскен. Ұрланған заттарды сатып алып келген 16 азамат та қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қазір жазаларын өтеуде. Қылмыстың басым бөлігі Медеу мен Әуезов, сондай-ақ, Алатау ауданында тіркеледі.
Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы.