Петропавл аумағында төтенше жағдай жарияланды

04.04.2024 23:40

Қарғын су маусымы басталғалы 12 үй бүлінген

Almaty.tv

Петропавл аумағында төтенше жағдай жарияланды. Аймақтың негізгі су қоймасы 95 пайыз толған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мамандардың болжамы бойынша, 10 күннен кейін еріген қар суы облыс орталығына жетуі мүмкін. Қарғын су маусымы басталғалы 12 үй бүлінген.

– 26 наурыздан бастап жеке сектордағы үйлерде су басып қалды. Кәріз жүйесіне түскен жүктеменің ауыр болғандықтан, Абай көшесіндегі коллектор істен шықты. Сол себепті тұрғындардың қалыпты тыныс-тіршілігі бұзылып, жеке секторларда үйлер су астында қалды, – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтұлова.

Өңірді қызыл су жайлағалы 20 үй су астында қалып, 30 адам эвакуацияланды. 113 мал қауіпсіз жерге айдалды. Жергілікті маңызды тасжолдарда су басудың 30 жағдайы тіркелген. Аймақтағы ең күрделі жағдай Тайынша ауданында байқалады. Осыған байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

– Черниговка және Красная поляна ауылдарының әрқайсында 4 адамнан қауіпсіз аймаққа көшірілді. Қазір құтқарушылар аймақты тексеріп, аулаларды аралап жүр. Бір тәулік ішінде 8 үйге су кірді. Су 15-30 сантиметрге дейін көтерілген, – деді СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.