Орман өртінен емес, жүрек дертінен: Абай облысындағы тракторшы өлімінің мән-жайы анықталды

14.06.2023 22:54

Оның денесінде зорлық-зомбылық белгісі жоқ

azattyq-ruhy.kz

Семей орманындағы өртте 10 маусымда жоғалып, күні кеше табылған Сергей Архипов жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның денесінде зорлық-зомбылық белгісі жоқ, сондай-ақ азаматтың өрттен қаза болғанын көрсететін айғақ та табылмапты. Сондықтан Архипов өрттен жапа шеккендердің қатарына жатқызылмайды. Мұндай ақпарды Бас прокуратура өкілі хабарлады.

Өткен түні апат аумағында жаңбыр себелеп, өрт ошағының азаюына сеп болды. Қазір облыста 1800-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Жалынды өшіруге жұмылдырылған техника саны 350-ден асқан. Төтенше жағдайлар министрі әзірге елдімекендерге төнген қауіптің жоқ екенін айтады. Ол барлық күш пен құралдардың негізінен осы бағытта жұмысты жалғастырып жатқанын жеткізді.  

«Біз қазір екі бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біреуі - Жерновка-Шүлбі, екінші бағыт -  Қаштақ ауылы. Мәселен, Қаштақ аймағына жеке құрамның 200 адамы, 30 техника, 3 тікұшақ жұмылдырылды. Жерновка – Шүлбі ауданында 300 адам, 40 техника және 9 тікұшақ бар. Айта кету керек, соңғы күндері өрт аумағы айтарлықтай қысқарды, өрт сөндіру жұмыстары тұрақты бақылауда», – дейді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Қазір Семей орманындағы өрттің неден шыққаны анықталып жатыр. Әзірге Бас прокуратура 3 себептің барын айтады. Олар: орман қорын үшінші тұлғаға сату мақсатындағы қасақана өртеу, абайсыз апат туғызу немесе табиғи сипат болуы мүмкін.

Тер төгіп, қызмет қылып, жалынмен арпалысып жатқандарға қажетсіз дәрі-дәрмек те жеткізіліп жатқан көрінеді. Әсіресе гуманитарлық көмек ішінен өрт жағдайында адамға кері әсер ететін препараттар анықталған. Сондықтан Абай облысының әкімдігі мен апат орнында жұмыс істеп жатқан дәрігерлер медициналық көмек жіберерде мұқият болуды сұрайды.

Мадина Оқас, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылықтар өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатыр