Су тасқынына барлық өңір дайын емес

primeminister.kz
primeminister.kz
Жағдай Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында қиындай түспек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі 609 елдімекен су астында қалуы мүмкін. Көктемде жағдай, әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында қиындай түспек. Ал су тасқынына барлық өңір  дайын емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев биыл қардың қалыпты мөлшерден көп жауғанын айтып, оған сақадай саймыз деп айтуға келмейді деді. Салдарынан біраз аймақтың су астында қалу қаупі көп. Министрдің айтуынша, Батыс Қазақстан мен Қызылорда облысы тасқынға қарсы жоспарланған шараларды екі жыл бойы жүзеге асырмай келген. Ал Павлодар облысында былтыр қаржыландыру мүлдем болмапты. Солтүстік Қазақстан облысының билігі қажетті соманың тек 37 пайызын бөлген.

«Елімізде 609 елдімекен, 675 автожол және 259 теміржолды су басу қаупі бар. Жергілікті атқарушы органдар елдімекендерден 8,8 миллион текше метр қар шығарды. 13 мың тонна жанармай, 150 мың тонна құм, 840 мың құм салынған қап және 47 тонна жарылғыш дайындады. Төтенше жағдайда резервтен 34 миллиард теңге қарастырылып отыр. Эвакуация болған жағдайда 1700 бекет дайын. Маршруттар жаңартылып, қажет көліктер бөлінді. Жергілікті әкімдіктер палатқа, төсектер және азық-түлік дайындады», – дейді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ

Бұдан былай «Қазгидромет» наурыз айынан бастап гидрологиялық болжамдарды апта сайын ұсынып отырмақ. Оған дейін ол ай сайын ғана жасалып келген. Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр да мәселенің ерекше бақылауда тұрғанын мәлімдеді. Су тасқыны жағдайын қадағалап, апта сайын селекторлық режимде айрықша назарда ұстаймыз деді ол. Ал тасқынға қарсы Нұр-Сұлтанда арнайы штабы құрылып, су астында қалуы ықтимал 37 орын белгіленді.

Алматы ауданында 7, Байқоңыр 12, Есіл 13, Сарыарқа 5. Әрқайсысы үшін жұмыс түрлері үшін қажетті материалдар мөлшері, қаржыландыру және жауапты орындаушылар бекітілді. Осыған байланысты барлық күштер мен техникалар ең алдымен, қарды шығаруға және қаланың арық жүйесін тазартуға бағытталды.

«Үкімет басшысы қызыл суға қарсы әкімдіктер мен құзырлы органдарға тапсырма жүктеді. Мәселен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі республикалық маңызы бар автожолдар мен теміржолдарды тәулік бойы қадағалап отыруы тиіс», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ

«Болжам бойынша республиканың орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында қар өте көп көлемде ериді деп күтілуде. Сондықтан бірінші барлық әкімдер бүгінгі күннен бастап жағдайды күнделікті жеке бақылауға алсын. Елдімекендерді, оның ішінде ауылдарды қардан тазарту үшін барлық қажетті құралдар мен техниканы жұмылдыру қажет. Өзендер мен су арналарын, нөсер дәліздерін тазалауды, уақытша топырақ үйінділері мен бөгеттерді салуды қамтамасыз ету керек. Ішкі істер және Экология министрлігі тиісті қызметтер мен бақылауды қамтамасыз етуді ұйымдастырсын», – дейді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН

Ал қар суын пайдаға жарату үшін елімізде 28 шағын су қоймасы салынатын болды. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін баспасөз мәслихатында мәлім болды.

«Тасқын суды мүмкіндігімізше пайдаға жаратуымыз керек. Сонымен қатар, пайдаға жарамай, ескіріп  қалған су қоймаларын қайта жаңғырту қажет. Бүгін иесі жоқ 10 су қоймасының бары айтылып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар ол нысандарды пайдалана алады. Алайда біз ол су қоймаларын нығайтып, көбірек су қорын жинай алатындай, ол нысандарды жаңғыртуға мән беріп отырмыз»– дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Сергей ГРОМОВ

Вице-премьердің сөзінше, салынатын шағын су қоймаларындағы су қоры жазда егінге немесе басқа да қажеттілікке жаратылмақ. Айта кету керек тасқын су наурыз айының ортасында болуы мүмкін деп болжанып отыр.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Алматы телеарнасы Нұр-Сұлтан

Новости партнеров